Үкімет басшысы шағын және орта бизнесті дамыту үшін салық салудың сервистік моделіне көшу қажет екенін айтты. Бұл қадам бизнеске қолдау көрсетуге мүмкіндік бермек, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Әлихан Смайылов Ұлттық экономика министрлігіне қосылған құн салығын қайтару мерзімін қысқарту үшін салық түрін әкімшілендіру тәсілдерін қайта қарау тапсырып отыр. Өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобаларға серпін беру үшін кәсіпкерлерді кейбір салық түрлерінен 3 жылға босатуды ұсынды.
Оның пікірінше, салықтардың санын 20 пайызға, ал салық жөнінде есеп беру нысандарын 30 пайызға қысқартқан абзал. Бастысы, жүйе құраушы ірі кәсіпорындардың айналасында отандық кәсіпкерліктің жұмыс істеуі үшін жағдай жасалуы тиіс.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық кәсіпкер әйелдер халықаралық байқаудың шорт тізіміне енді
"Жаңа өндірістерді локализациялауға және оларды ашуға ықпал ететін оффтейк-келісімшарттарды белсендірек пайдаланған жөн. Өз кезегінде, офсеттік шарттарды қолдану технологиялар трансфертіне және қосымша инвестиция тартуға ықпал етеді. Үшінші, кәсіпкерлер де қарсы міндеттеме алуы керек. Яғни, бизнес әлеуметтік тұрғыдағы жауапкершілікті арттыруы тиіс", – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.