Картоп, тұз, сиыр еті: мамыр айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өсті

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
Азық-түлік тауарлары бағасының индексі 6,8%-ға өсті.

2025 жылғы мамырда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары әртүрлі бағытта өзгерістерге ұшырады, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігі.

Ведомство мәліметінше, кейбір азық-түлік тауарларының бағалары төмендеді. 

"Мысалы, 2025 жылғы 27 мамырдағы деректер бойынша алдыңғы аптамен салыстырғанда қырыққабат 3,4%-ға, жұмыртқа 0,7%-ға, қарақұмық, макарон және күнбағыс майы 0,1-0,2%-ға арзандаған. Нан мен күріштің бағасы тұрақты болып, өзгеріссіз қалды. Сонымен бірге кейбір өнімдердің бағасы өсті. Кейінгі аптада сәбіз 4,2%-ға, картоп 2,8%-ға, пияз 2,5%-ға, тұз 1,6%-ға, сүзбе 0,8%-ға, сүт пен қант 0,3%-ға, май, сиыр еті мен тауық еті 0,2%-ға, ұн мен айран 0,1%-ға қымбаттады", – деп жазылған хабарламада.

2025 жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 6,8%-ға өсті. Бағаларды тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылданып жатыр. 

Атап айтқанда, Қытайдан, Пәкістаннан және Өзбекстаннан ерте пісетін көкөністер жеткізу жұмысы ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта Астанада министрліктің қолдауымен "ҚТЖ Экспресс" АҚ жеткізген 50 рефрижератор контейнер картоп түсіріліп жатыр. 

Жалпы ішкі нарықты өніммен толықтыру мақсатында қосымша 45 мың тонна картоп, 4 мың тонна қырыққабат импортталды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары