Көрнекті педагог, камералық вокал өнерінің білгірі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ардагер ұстазы Науат Темірханова дүниеден өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, Науат Мақсұтқызы саналы ғұмырын ұлттық вокал өнерін дамытуға, жас таланттарды тәрбиелеуге және музыкалық білім беру ісіне арнаған.
"Науат Мақсұтқызы саналы ғұмырын ұлттық вокал өнерін өркендетуге, жас таланттарды тәрбиелеуге және музыкалық білім беру ісіне арнады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, ұлттық вокал мектебінің қалыптасуына сүбелі үлес қосты. Науат Мақсұтқызының жарқын бейнесі, ғибратты ғұмыры мен ұлттық мәдениетке сіңірген елеулі еңбегі ел есінде мәңгі сақталады. Мәдениет және ақпарат министрлігі Науат Темірханованың туған-туыстары мен жақындарына, әріптестеріне, шәкірттеріне және барша өнерсүйер қауымға қайғыра көңіл айтады", – делінген министрліктің көңіл айту хабарламасында.
Науат Темірханова Қазақстандағы белгілі музыкалық педагогтердің бірі болды. Ол ұзақ жылдар бойы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында қызмет атқарып, вокал өнері саласында жүздеген шәкірт тәрбиеледі. Өзінің кәсіби тәжірибесі мен педагогикалық шеберлігінің арқасында ұлттық вокал мектебінің дамуына елеулі үлес қосып, көптеген жас өнерпаздың шығармашылық жолының қалыптасуына ықпал етті.