Израиль мен АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясы: Таяу Шығыста шиеленіс күшейді

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
Трамп Иранды ядролық бағдарламасын дамытып жатыр деп айыптап, елдің ракета өнеркәсібін жою ниеті барын да жеткізді.

28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағына әуе соққыларын жасады. Иран ақпарат құралдарының мәліметінше, бірнеше қалада жарылыс болып, кемінде 201 адам қаза болған.

АҚШ президенті Дональд Трамп 8 минуттық мәлімдемесінде Иранға қарсы "ірі әскери операция" басталғанын жариялап, Тегеранды ядролық бағдарламаны дамытуға айыптады. Оның айтуынша, операцияның мақсаты – "Иран режимінен төнген қатерге төтеп беру".

Press TV телеарнасының мәліметінше, Минаб қаласындағы қыздар медресесінің ғимаратына зымыран түсіп, кемінде 85 оқушы қыз қаза болған. Тағы 92 адам жараланған. Құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр, қираған ғимарат астында қалғандар бар. Телеарна таратқан видеоларда тұрғындардың медресе қирандыларын аршып жатқан сәті көрсетілген.

Өз кезегінде Иран Израиль аумағына ракета жіберіп, Таяу Шығыстағы америкалық әскери нысандарға соққы жасағанын хабарлады. Иран әуелі Бахрейндегі америкалық базаға зымырандық соққы жасаған. Бахрейн – Парсы шығанағындағы АҚШ-тың негізгі одақтастарының бірі. Манама қаласында АҚШ әскери-теңіз күштерінің бесінші флотының штабы тұрақты орналасқан. Ал Катар билігінің өкілі ел аумағы үстінде Иранның екі зымыраны атып түсірілгенін мәлімдеді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл шабуылдар Иранның АҚШ соққыларына жауап ретінде қарсы әрекетке көшкенін аңғартады.

Иран мемлекеттік ақпарат құралдары аятолла Әли Хаменеиді Тегерандағы өз резиденциясында өлтірді деп таратты. 

Фото: REUTERS
Әли Хаменеи. Фото: REUTERS

 

"Ислам революциясының ұлы жетекшісі, мәртебелі аятолла Хаменеи сенбі, 28 ақпан күні таңертең жасалған шабуыл салдарынан шейіт болды", – делінген мемлекеттік БАҚ таратқан хабарламада.

Иран үкіметі аятолла Хаменеи қайтыс болуына байланысты елде 40 күндік жалпыұлттық аза жариялап, жеті күнді мемлекеттік демалыс күні деп белгіледі.

Аймақтағы шиеленіс Парсы шығанағы елдеріне де әсер етті. 1 наурызда таңертең Dubai International Airport терминалында жарылыс болып, төрт адам жараланғаны хабарланды. Оқиғаны Dubai Airports растады. Терминалдан жолаушылар шұғыл эвакуацияланып, ғимараттың бір бөлігі зақымданған.

Осы жағдайға байланысты Қазақстанда қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымдарды тәулік бойғы жұмыс режиміне көшіруді тапсырды. Үкіметте Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жетекшілік ететін арнайы мониторинг тобы құрылды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тегерандағы Елшілігі Ирандағы қазақстандықтар үшін тәулік бойы жұмыс істейтін жедел байланыс желісін іске қосты. СІМ азаматтарға адам көп жиналатын орындардан аулақ болуға, қажетсіз сапарларды шектеуге және дипломатиялық өкілдіктермен тұрақты байланыста болуға кеңес берді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз