Италияда Шоқан Уәлиханов туралы итальян тіліндегі кітап жарыққа шықты

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайты
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайты
Шоқан Уәлихановтың өмірбаянын итальян профессоры Федерико Пасторе жазған.

Римде "Шоқан Уалиханов және қазіргі Қазақстанның бастауы" атты монографияның таныстырылымы өтті. Белгілі ағартушының 190 жылдығына арналған бұл кітап алғаш рет итальян тілінде жарық көрді, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Аида Балаева ұлы ғалым, ағартушы әрі саяхатшыға арналған еңбектің жарық көруімен барша зерттеушілерді құттықтады. Министрдің айтуынша, Шоқан Уәлихановтың мұрасын итальян оқырмандарына таныстыру – Қазақстан мен Италия арасындағы рухани байланысты тереңдететін маңызды қадам.

"Шоқан Уәлиханов – Ұлы Даланың ғана емес, әлемдік деңгейдегі тұлға. Оның зерттеулері халықаралық ғылыми қауымдастыққа Орталық Азия халықтарының бай мәдениеті мен өркениетін, сондай-ақ қазақ халқының рухани мұрасын кеңінен танытты. Оның еңбектерінің итальян тілінде жарық көруі – білім мен ғылым арқылы екі елдің жақындасуының жарқын үлгісі. Бұл кітап италиялық оқырмандарға қазақтың тарихын, мәдениетін және ой әлемін жақынырақ тануға мүмкіндік береді", – деді Аида Балаева.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайты

Министр сондай-ақ екі елдің ғалымдарына, зерттеушілеріне, аудармашылары шынайы алғыс білдірді. Ол бұл кездесу Қазақстан мен Италия арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтып, жас ғалымдар мен зерттеушілерді жаңа ізденістерге жетелейтініне сенім білдірді.

Шоқан Уәлихановтың өмірбаянын итальян профессоры Федерико Пасторе жазған. Ол ұзақ жылдар бойы ғалымның өмірі мен қызметіне қатысты қазақстандық дереккөздерді зерттеген. Сондай-ақ монографияда Ш.Уәлиханов өмірінде кездескен белгілі қазақ қайраткерлеріне арналған ауқымды бөлім бар. 

Зерттеу сонымен қатар ағылшын тілінде де қолжетімді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары