Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады, деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ мәліметінше, ауа райының нашарлауына боран, көктайғақ себеп. Қазір 15 облыстың 43 жол учаскесінде автокөліктердің қозғалысына шектеу енгізілген.
Республикалық маңызы бар алты мыңнан астам шақырым жолда, яғни көрсетілген санаттағы жолдардың 25 пайызында шектеулер енгізілген.
"Осы орайда біз сіздерді сапарға шығудан бас тартуға шақырамыз. Жолға шығып қойған азаматтарға жабылған жол учаскелеріне жақын орналасқан елді мекендерде тоқтап, ауа райының жақсаруын күтуді ұсынамыз. Тәуекелге барудың қажеті жоқ! Қозғалысқа шектеу енгізілген нақты жол учаскелері туралы "ҚазАвтоЖолдың" ресми Telegram-арнасында, радио, теледидар және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ 1403 телефон нөмірі арқылы біле аласыздар. Жолда сақ болыңыздар!" – деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Айдын Оразбаев.