Қант диабетіне шалдыққан Бейбарыс Сүлейменнің жағдайы тергеу изоляторында күрт нашарлап, ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
30 жастағы Бейбарыс Сүлеймен 7 ай бұрын заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Оның анасы сол уақыттан бері тергеу абақтысында жатқан ұлының жағдайы 14 қарашада күрт нашарлағанын айтты.
"Ұлым "Үш күн инсулинсіз қалып қалдым. Инсулинім жетсе, инем жетпей қалады" деді. Оның 1,5 тәулік бойы инсулин алмағанын мекеменің басшысы да біледі. Оған "Балама ең болмаса инсулин жеткізіп беріңізші" дедім», – деді марқұмның анасы Гүлшат Байназарова.
Науқас жансақтау бөлімінде жан тапсырған. Марқұмның туыстары апарып берген инсулин Бейбарысқа берілмеген.
Қазір бұл іске қатысты тергеу басталды. Құзырлы орган өкілдері күдікті дәрі-дәрмекті уақытылы алғанын, оған барлық ем-дом көрсетілгенін айтты.
"Қазіргі кезде денсаулық сақтау басқармасы мен қылмыстық атқару департаменті бірлесіп, қызметтік тексеру тағайындалды. Тергеу изоляторының емханасы 11 емхананы қамтамасыз етеді. Қызметкерлердің мәліметі бойынша, барлық емдік шаралар көрсетілген", – деді Шымкент қаласы және түркістан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Ермек Жалғасбаев.
Оқи отырыңыз: №9 диета деген не және қант диабетінен қалай сақтанған дұрыс? Эндокринолог кеңестері
Сот-медициналық сараптама бір айдан кейін шығады. 30 жастағы марқұмның артында 2 қызы мен 4 айлық ұлы қалды. Ол кенжесін көрмеген күйі бақилық болған. Қара жамылған отбасы кінәлі адамдардың жазалануын талап етуде.