Қазақстан әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті елдердің рейтингінде 38-орынға жайғасты. Осылайша Қазақстан ТМД елдері арасында рейтингке енген жалғыз мемлекет атанды. Бұл туралы IMD World Competitiveness Center жариялаған жаһандық зерттеу қорытындысында айтылған.
Швейцарияның IMD World Competitiveness Center орталығы жыл сайын жүргізетін зерттеуде әлемнің 70 елінің экономикасы төрт негізгі бағыт бойынша бағаланады. Олар:
- экономикалық көрсеткіштер;
- мемлекеттік басқарудың тиімділігі;
- бизнестің тиімділігі;
- инфрақұрылым.
Рейтингтің алғашқы ондығына Сингапур (100 балл), Гонконг (95,6 балл), Швейцария (95,3 балл), Тайвань (94,3 балл), Біріккен Араб Әмірліктері (94,1 балл), Дания (94,1 балл), Ирландия (94,1 балл), Нидерланд (90,1 балл), Швеция (88,5 балл) және АҚШ (86,8 балл) кірді.
Қазақстан 65,4 балл жинап, жаһандық рейтингте Испания, Португалия, Польша, Италия және Аргентина сияқты бірқатар елден озып тұр.
Елдің төрт негізгі бағыт бойынша көрсеткіштері бойынша:
- Мемлекеттік басқарудың тиімділігі бойынша Қазақстан 63 балл жинап, 23-орынға жайғасты;
- Бизнестің тиімділігі бойынша 66,5 баллмен 23-орынға ие болды;
- Инфрақұрылым көрсеткіші 46,2 баллды құрап, Қазақстан бұл бағытта 43-орынға орналасты;
- Экономикалық көрсеткіштер бойынша ел 43,5 балл жинап, 57-орынға тұрақтады.
Зерттеуде Қазақстанның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері де келтірілген. Елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 306,2 млрд доллар болып, бұл көрсеткіш бойынша 44-орынға тұрақтады.
Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ 45 286,3 долларды құрап, 43-орынға жайғасты. Елдің нақты ЖІӨ өсімі 6,5% болды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 6-орында.
Халқының саны бойынша (20,4 млн адам) Қазақстан 32-орынға ие болды. Жұмыссыздық деңгейі (4,6% ) бойынша ел 31-орында. Ал тұтыну бағаларының инфляциясы (11,4%) болып, 65-орынға орналасты.