Республика бойынша "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігі.
Үш күн ішінде мал мен ет өнімдерін тасымалдаған 12 мың автокөлік, 3,5 мың сату орны, 8,5 мың ферма мен шаруа қожалықтары тексерілді.
"121 мал ұрлығы ашылып, 137 күдікті, оның ішінде 19 қылмыстық топ ұсталды. 905 мал басы иелеріне қайтарылды", – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Мысалы, Ақмола облысында 46 жылқы ұрлаған екі адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Сонымен қоса Павлодар облысында қазан айынан бастап 25 жылқы ұрлаған алты адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталды.
Қылмыскерлер бірлесіп әрекет етіп, түнде малды 150–ден 300 км жерге дейін айдап әкетіп отырған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері мал ұрлығы 33%-ға төмендеді. Ұрланған малдың жартысынан көбі иелеріне қайтарылды. Мал ұрлығы үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", – деді Қанат Нұрмағамбетов.