Грузияның ірі қалаларында наразылық шарасы жалғасып жатыр

Жергілікті биліктің мәліметінше, 200-ге жуық адам ұсталған.

Грузияның ірі қалаларында наразылық шарасы жалғасып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Полиция халықты тарату үшін су шашып, көзді жасаурататын газ қолданған. Тәртіп сақшыларының қарсылығынан кейін шеруге шыққандардың қатары күрт көбейді.

Ел астанасы Тбилиси мен Батуми, Поти, Кутаиси қалалары төрт күннен бері тынышталмай тұр. Мыңдаған адам Үкіметтің Еуроодақ құрамына кіру жөніндегі келісімін 2028 жылға шегеру туралы шешіміне қарсы шықты.

Сондықтан олар Парламент сайлауы қайта өтсін, жаңадан құрылған үкімет қызметтен кетсін деген талап қойды. Ал полиция жолды жауып, қала қозғалысына кедергі келтіргендерді жаппай қамап жатыр.

Шерушілер де тәртіп сақшыларын пиротехникалық заттармен атқылаған.

Жергілікті биліктің мәліметінше, 200-ге жуық адам ұсталған екен. Жарақат алған полицейлердің саны жүзден асып жығылады. Осы жағдайдан кейін Еуроодаққа мүше елдер Грузияға санкция салу және виза беруді шектеу мәселесін талқыламақ.

Еске салайық, елдегі наразылық 2024 жылғы қараша айында парламент сайлауының нәтижесі салдарынан өршіді. Сайлау қорытындысы бойынша "Грузин арманы" партиясы жеңіске жеткенімен, оппозиция мен президент Саломе Зурабишвили бұл нәтижені мойындамады. Осыған байланысты Тбилисидің әртүрлі аудандарында наразылық шаралары ұйымдастырылды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары