Мемлекет басшысының 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінген және еліміздің заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру туралы тапсырмасына сәйкес, биылғы 23 қаңтардан, яғни бүгіннен бастап шетелдік автокөліктерді заңдастыруға өтініштер қабылданып жатыр.
Қызылорда қаласының тұрғыны Қайырбек Бакдәулет Грузиядан әкелген автокөлігін өңірде бірінші болып заңдастырып, полиция қызметкерлеріне алғысын айтты.
"Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында автокөлігімді заңдастырдым. Бұл рәсім өте жеңіл екен. Алысқа бармай-ақ, қаламызда тіркеп, тиісті құжаттарды алып отырмын. Полиция қызметкерлеріне және Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарына рақметімді айтамын", – деді ол.
Полиция департаменті тұрғындарға автокөлікті заңдастыру бойынша келесі ақпаратты хабарлайды:
Қандай автокөліктер заңдастыруға жатады?
Қазақстан азаматтары сырттан әкелген шетелдік есептегі жеңіл автокөліктер, шағын, орта сыйымдылықтағы автобустар, шағын жүк көліктер, басқаруы оң жақтағы автокөліктер.
Заңдастыру үшін қойылатын талаптар:
- автокөлік Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болуы керек;
- криминалдық есепте болмауы керек;
- басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы тиіс;
- Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік кедендік тазартудан өтуі қажет.
Өтінім беру 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.
Өтінім беру жолдары:
- Е-gov.kz электронды үкімет порталы арқылы;
- Екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы;
- ХҚКО-ның "Өз-өзіне қызмет көрсету секторы" арқылы.
Автокөлікті заңдастыру үшін қажет құжаттар:
Өтінім; Өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжат; Көлік құралының паспорты немесе тіркеу туралы куәлік; Көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат. Нәтижесі арнайы базаға тіркеледі және көлік иесінің телефонына 1414 нөмірінен SMS жіберіледі.
Онда қабылданған шешім нақты жазылады. Заңдастыруға рұқсат етілсе, мемлекеттік алымдар төлеу қажет.
- алғашқы тіркеу үшін – 200 000 теңге;
- техпаспорт үшін мемлекеттік БАЖ – 4 313 теңге;
- мемлекеттік нөмір – 9 660 теңге.
Одан соң көлік иесі шетелдік техпаспорт, меншік құқығын растайтын құжатты ХҚКО мамандарына тапсырады. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне ҚР тіркеу құжаты, мемлекеттік нөмір беріледі.
Жүргізушілер 8-7242-21-20-96, 87051026841 жедел желі номерлері арқылы да кеңес алуға мүмкіндіктері бар.
Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі