Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 30 қараша және 2 желтоқсанда драматург Николай Гогольдің ең танымал туындысы "Ревизор" алғаш рет сахналанады, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.
Қойылым үлкен сахнада, саундрама жанрында ұсынылады. Бұл жанрда музыка мен дыбыс тек сүйемелдеу емес, сахналық әрекеттің өзегіне айналып, көрерменнің көз алдында туындайды. Спектакльдің режиссері әрі театрдың көркемдік жетекшісі Фархад Молдағали бұл жанрға бұрын да жүгінген. Оның спектакльдерінде саундрама жай көркемдік тәсіл емес, тұтас ойлау жүйесіне айналады: драматургия, музыкалық импровизация және актерлік пластика бір ырғақта тоғысады.
Қойылымды дайындауға қатысқандар: Композитор – Серікжан Айтқали, сценограф – Айнұр Есболатова, хореограф – Салтанат Беймишева, хормейстер – Ғалымжан Берекешев, режиссердің ассистенті – Айнұржан Орынбасарова. Сонымен қатар Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының музыкант-студенттерінен құралған ансамбль спектакльді жанды музыкамен қамтамасыз етеді.
Қойылымда театр артистері: Ерлан Кәрібаев, Дархан Сүлейменов, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Райхан Қалиолдина, Қадырғазы Қуандықов, Сафуан Рысбайұлы және Лиза Серікова өнер көрсетеді.
Театрдың 80-маусымында театр репертуар бірден үш жаңа қойылыммен толықты. Олар:
- "Шие бағы" (режиссері Рача Махатаев);
- "Бәрі жақсы" (режиссері Заңғар Ахмет-Қазы);
- "Күл Бикеш" (режиссері Антон Зайцев).
"Енді театр маусымның жаңа белесін – "Ревизор" спектаклімен ашпақ. Бұл қойылым жыл соңындағы ең маңызды премьералардың бірі болуға ниетті. Жаңа интерпретация классикалық туындыны қайта баяндауға емес, Гоголь мәтінін музыкалық организм ретінде сезінуге шақырады. Әр сөз, әр үзіліс, әр қимыл дыбыспен үндесіп, мазмұн мен мағына тереңдете ашылады. Музыкалық сүйемелдеу, актерлер, хор спектакльге ерекшелік береді", – делінген театрдың хабарламасында.
Бұл нұсқада ревизор – нақты кейіпкер емес, үрейдің ырғағын туғызатын символ. Қала шенеуніктерінің абдырап қалуы, сыбыс, күдік пен екіжүзділік – бәрі дыбыстық бейне табады. Ирония мен ритм арқылы қойылым билік пен жауапкершілік, қорқыныштың әлеуметтік табиғаты туралы ой қозғайды.
Премьера қонақтары: Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Азамат Сатыбалды, Асан Мәжіт, Еркебұлан Дайыров, Азат Сейтметов, Данагүл Темірсұлтанова, Роза Рымбаева, Ғазизхан Шекербеков және басқалар.
USD:
505.5 / 508.5
EUR:
587.5 / 592.5
RUB:
6.47 / 6.59