Автогаз тапшылығы Маңғыстау облысына да жетті, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жүргізушілер бір аптадан бері көгілдір отын таппай қиналған. Ұзын-сонар кезекте тұрған көлік иелері қойнауы мұнай мен газға толы өңірде мұндай жағдайға тап боламыз деп ойламадық деп отыр.
Ал жергілікті биліктің өкілдері тапшылыққа көлігі бар туристердің көп келуі мен газбен жабдықталған машинаның артуы себеп дейді.
Өткен аптадан бері Маңғыстау облысындағы газ құю бекеттерінде дәл осындай көрініс. Көлік тізгіндегендер ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Олар бар шаруамызды тастап, газ іздеп келдік деп отыр. Ал кейбірі тіпті кезегі жеткенде көгілдір отынның таусылып қалатынына шағымданады.
"Газ жоқ, кезек көп. Кеше Ақшұқыр жақта да 100 шақты көлік тұрды. Тұрып-тұрып құя алмай кеттік. Біз жақындағанда бітіп қалды. Кеше Ақшұқырда 3 сағат тұрдым. Міне бүгін мына жақта 1 сағаттан асты", – деді жүргізуші Азамат Бәйімбетов.
Көгілдір отын тапшылығы Жаңаөзен мен Ақтауда, Мұнайлы, Түпқараған, Маңғыстау аудандарында қатты байқалады. Жүргізушілер тіршілігіміз тұралап, тығырыққа тірелдік деп қапалы.