2026 жылғы физика бойынша Нобель сыйлығы америкалық физик Фрэнсис Халзенге берілді. Ол ғарыштан Жерге жететін нейтрино бөлшектерін анықтауға мүмкіндік беретін IceCube обсерваториясын жасауға қосқан үлесі үшін марапатталды.
Нейтрино – ғарыштағы өте қуатты процестер кезінде пайда болатын ұсақ бөлшектер. Олар Жерге ғарыштың алыс аймақтарынан жетеді және жолында басқа бөлшектермен өте сирек әрекеттеседі. Сондықтан нейтрино ғалымдарға ғаламның бізге көрінбейтін бөліктері туралы ақпарат бере алады.
Фрэнсис Халзен осы бөлшектерді анықтау үшін Антарктидадағы мұзды пайдалануды ұсынған. Оның идеясы негізінде Оңтүстік полюсте IceCube нейтрино обсерваториясы салынды.
Обсерватория Антарктида мұзының 1 текше километрге жуық аумағын қамтиды. Мұздың 1450-2450 метр тереңдігіне 5160 оптикалық датчик орнатылған. Нейтрино мұзбен соқтығысқанда пайда болатын жарықты осы датчиктер тіркейді.
Осылайша ғалымдар нейтриноның энергиясы мен қай жақтан келгенін анықтай алады. Бұл оларға аса қуатты ғарыштық құбылыстардың қалай жүретінін зерттеуге мүмкіндік береді.
Фрэнсис Халзен Висконсин-Мэдисон университетінде жұмыс істейді және IceCube ғылыми жобасына жетекшілік етеді.
Нобель сыйлығының ақшалай мөлшері 12 млн швед кронын құрайды. Бұл, шамамен, 544,2 млн теңге.