Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің екі командасы Space Settlement Contest 2025 халықаралық байқауында жеңіске жетті. Бұл байқауды NASA мен АҚШ Ұлттық ғарыш қоғамы ұйымдастырған, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Биылғы байқауға әлемнің 25 елінен 26 мыңнан астам оқушы қатысқан. Жүлделі бірінші орынды "YURT" жобасын ұсынған алматылық оқушылар — Анастасия Цой, Юлия Ким, Камила Ертісқызы және Ілияс Дәулет иеленді. Олар Юпитер орбитасында қозғалып, оның Ганимед және Каллисто серіктеріне жақындай алатын автономды ғарыш станциясының жобасын таныстырды. Бұл станция 30 мың адамға арналған, жасанды гравитация мен толық дербес тіршілік ету жүйесімен жабдықталған.
Екінші орынға тағы бір қазақстандық команда — "Икарус" жобасының авторлары ие болды. Олар Ганимедтің төменгі орбитасында орналасатын, 45 мың адамға арналған кең ауқымды ғарыш станциясын жобалады. Команда мүшелері: Табылды Асан, Темірбулатов Арман, Інкәрбек Сабыржан, Құзбакова Томирис, Жапаров Мұхидин, Әлішер Бағдәулет, Берік Уәли, Нұрсұлтан Айсұлу, Таиров Арлан және Бақыт Аслан. Жетекшісі — 12-сынып оқушысы Әділет Сандықбаев.
Space Settlement Contest — мектеп оқушылары арасында жыл сайын өтетін халықаралық байқау. Ол оқушылардың инженерлік қабілетін, шығармашылығын және ғылымға деген қызығушылығын арттыруды көздейді.
USD:
505.5 / 508.5
EUR:
587.5 / 592.5
RUB:
6.47 / 6.59