
Генетика және физиология институтының ғалымдары қазақтың төбет тұқымды иттерінің шығу тегіне қатысты зерттеу нәтижелерін жария етті. Қазақстандық ғалымдардың "Қазақтың төбет тұқымының генетикалық әртүрлілігі және шығу тегі" атты мақаласы "Scientific reports" журналында жарияланған.
Ғалымдар Қазақстан мен Моңғолияның түрлі өңірлерінен 107 итті зерттеп, ДНҚ-ның тізбегіндегі қысқа тандемді қайталауларды (STR) талдаумен жұмыс істеген. Сонымен қатар, олар екі төбет иттің толық геномдық секвенирлеу деректерін пайдаланып, оларды басқа 24 жұмысшы ит тұқымының геномдарымен салыстырған.
"Ерекше қызықты жайт, ғалымдар төбет тұқымының тибет мастифтерімен туыстығы туралы әлі күнге дейін кең таралған гипотезаны жоққа шығарды. Филогенетикалық талдау осы тұқымның түрік ақбасына жақын екенін, ортаазиялық төбетпен туыстығын және тибет мастифінен кем емес ежелгі екенін көрсетті. Мұны митохондрия ДНҚ-ның тізбегін талдау да растады", – делінген хабарламада.
Ғалымдардың айтуынша, төбет тұқымдас иттер ежелден ұсақ малмен бірге көшіп-қонып жүргендіктен, олардың генетикасы біртекті емес. Оған қоса, зерттеулер олардың қанына басқа тұқымдардан қанның үздіксіз құйылып отырғанын көрсеткен.
Еске салайық, Қазақы ит тұқымдары – тазы мен төбеттің санын көбейту мақсатында Қазақстанда жаңа кәсіби мереке күні енгізіледі. Қазақы ит тұқымдарының мерекесі 3 қыркүйекте атап өтіледі.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда тазы мен төбеттің кәсіби мерекесі енгізіледі. Ол қай күнге белгіленбек