Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген 81-ші театр маусымын үш жаңа туындымен бастайды.
81-ші маусымның шымылдығы 10-11 қыркүйек күндері сағат 11.00-де балаларға арналған жаңа қойылым – "Карлсонның қайта оралуы" спектаклімен ашылады. Астрид Линдгреннің танымал ертегісі негізінде сахналанған қойылымның режиссері – көркемдік жетекші Дина Жұмабай.
10-11 қыркүйек күндері сағат 18.30-да қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың "Ақбілек" романы негізінде сахналанған "Ақбілек. Түс" жаңа спектаклі көрерменге жол тартады. Қойылым режиссері – Мажит Ғафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театрының бас режиссері, "Алтын маска" ұлттық театр сыйлығының лауреаты Айрат Абушахманов. Қоюшы-суретшісі – Мажит Ғафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театрының бас суретшісі, "Алтын маска" ұлттық театр сыйлығының лауреаты Альберт Нестеров.
12 қыркүйекте сағат 16.00-де Жанат Хаджиев атындағы эксперименталды сахнада Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығы негізінде әзірленген "Көкірек көзі оянғандай" перформативті-пластикалық драмасының тұсауы кесілмек. Қойылым режиссері – Анна Цой. Бұл – режиссердің аталған театрдағы алғашқы қойылымы. 2023 жылы Мүсірепов театры ұйымдастырған алғашқы Республикалық жас режиссерлердің театр фестиваліне "Қобыланды" спектаклімен қатысып, үздік режиссерлер қатарынан орын алып, бүгінде осы театрдың режиссері қызметіне тағайындалды. Осыған дейін ол Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрында хореограф, балетмейстер қызметтерін атқарған.
17 қыркүйек күні Мүсіреов театры 80 жылдық мерейтойын атап өтеді. Сағат 10.00-де қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы, драматург, театрға есімі берілген Ғабит Мүсірепов зиратында құран бағыштап, 14.00-де ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімдері өтеді. Іш-шара сағат 15.00-де Достық үйінде "80 жылдық сахна сыры: рух, өнер, ізденіс" атты ғылыми-шығармашылық конференциямен жалғасады. Кешкі сағат 19.00-де 80 жылдық және Қала күні аясында Көктөбе саябағында мерекелік кешпен аяқталады.
Жаңа маусымда театр ұжымы Албанияда өтетін XX Халықаралық "Бутринттегі ғажайып түндер" фестиваліне "Бернарда Альбаның үйі" спектаклімен, Павлодар қаласында өтетін "Ертіс-Баян" II Республикалық театр фестивалінде "Гамлет. Соңғы күндер" қойылымымен қатысады. Ресейдің Владивосток қаласында өтетін IV Халықаралық Тынық мұхиты театр фестиваліне "Қарагөз" спектаклін апарса, "Ұлпан" спектаклі Астана қаласында IV Халықаралық "ТЕАТРАЛ" театр фестиваліне, Қарағанды қаласында Әшірбек Сығай атындағы "Сын – шын болсын" республикалық театр фестиваліне және Қызылорда қаласында Қазақстан драма театрларының XXXI фестиваліне қатысады.