Тікелей эфир

Ет сатып алатын тұтынушы нені білуі тиіс?

Фото: Korkem Alem
Фото: Korkem Alem
Ет сатып алуға барғанда сатушыдан сұралатын маңызды құжат бар. Тұтынушы ретінде қандай құжат екенін білесіз бе?

"Мал қашан сойылды, еті жеуге жарамды ма? Қайдан әкелінді, қанша жаста?" – деген сұрақтарға жауап беретін арнайы №2 формадағы ветеринарлық сертификат пен сынақ хаттамасы әрдайым ет сатарда тұтынушыға көрсетілуі тиіс. Бұл құжаттар еттің жарамдылық мерзімі мен ет туралы ақпаратты растайды. Оларды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бөлімшесі береді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ет және ет өнімдерін сататын кәсіпкерлерде бұл құжаттардың бар-жоғын тексереді. Бұзушылық фактілері анықталған жағдайда Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Комитеттің аумақтық департаменттері жоспардан тыс тексерулер жүргізеді.

Аталмыш құжатты үнемі өз тұтынушыларына көрсетіп, маңыздылығын түсіндіріп жүрген жаңаөзендік ет өндіруші компаниясының басшылығы нарықты зерттеп, көп ет дүкендерінде бұл анықтама көрсетілмейтіндігін білген.

"Сұраса түрлі сылтау айтып немесе қолда бапталған малдың еті деп қысқа қайыра салатын көрінеді. Бұл тұста тұтынушылардың құқығы ашықтан-ашық тапталып отыр", – дейді Korkem Alem ет және ет өнімдерін өндіруші кәсіпорынның негізін қалаушысы Темір Лесов.

Сервистің тиісті деңгейде болмауына кәсіпкерлердің қызмет көрсету сапасына көңіл бөлмеуі себеп дейді компания басшылығы. Сонымен қатар, тұтынушылардың құқықтарының тапталуы да кері әсерін тигізіп отыр. Сәйкесінше бұл тұста тек кәсіпкерлерді ғана кінәлап қоюға болмайды, құқықтарын толыққанды білмейтін тұтынушылардың да әрекетінің өзіндік ықпалы бар.

Сатушы немесе қызмет көрсетуші тараптың заңға бағынбай, әкімшілік ережелерге сүйеніп, кейде кішігірім, ал кейде тіпті өрескел құқық бұзушылықтарға жол беріп жүргенін жиі естиміз. Тұтынушылардың құқығын аяқ асты етіп, өз пайдасын көздеп заңға қайшы әрекет жасап жүргендер көп.

"Қызмет көрсету барысында тұтынушылар мен сатушылар арасында жиі кездесетін бірқатар мәселелерді байқадық. Көп мәселені тұтынушылардың өз аузынан естіп жүрміз. Олар қайда және кімнен барып көмек сұрарын, мәселені шешу жолдарын біле бермейді. Құзіретіміз жеткенінше біз де күресіп келеміз. Әрі өзіміз ол қылықтарға жол бермеуге тырысып бағудамыз. Бұл – біздің әлеуметтік-азаматтық позициямызды аңғартатын маңызды міндеттердің бірі", – дейді  кәсіпкер Темір Лесов.

Сіз тұратын кез келген өңірде аумақтық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері бар. Олардың байланыс телефондары осы сілтемеде бар.

Сондай-ақ, телеграм ботқа жаза аласыз. Ол жерде сізге ақпараттық көмек көрсетіледі.

Қажет болған жағдайда тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілерінің көмегіне жүгінсеңіз болады. Олардың тізімі осы жерде көрсетілген.

ҚР-ның "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңына сәйкес тұтынушылар тиісті сападағы, қауіпсіз тауарды немесе қызмет түрін сатып алуға құқылы.

  • Халыққа қызмет көрсететін кез келген өнім дайындаушы компания ұйым жайында және өнім туралы тұтынушылар толық ақпаратпен қамтамасыз етілуі тиіс. Әр өнімнің қаптамасында негізгі құрамы жазылған мәліметтер болуы қажет.
  • Жарамдылық мерзімі болған жағдайда қарсы көрсетілімдері де ашық жазылуы керек.

Кей сауда нүктелерінде сауда болғандығын растайтын қарапайым чек, келісім-шарт секілді құжаттар сұралмайды. Сұраныс болмағандықтан өздігінен кәсіпкерлер тарапынан да берілмейді. Сәйкесінше, чек болмаса тауарды айырбастау немесе қайта өткізу мүмкін емес. ҚР-ның тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Заңында көрсетілгендей кез келген тұтынушы тауар немесе қызметті сатып алғандығын растайтын құжаттарды талап ете алады.

Азық-түлік өндірісі, оның ішінде мал сою, ет өндіру нысандарында санитариялық талаптар қатаң сақталуы қажет. Темір Лесовтің айтуынша, Жаңаөзен қаласындағы мал сою нысандарында санитариялық талаптар сақталуы өте төмен дейгейде.

"Оны өзгелер де, біз де көріп жүрміз, тиісті орындарға жеткізу үшін айтып та жүрміз. Алайда, жағдай әлі сол баяғы қалпында. Мүмкін уақыт керек шығар. Қоғамдық деңгейде халықтың денсаулығына әсер ететінімізді естен шығармаған абзал", – дейді компания басшысы.

ҚР-ның "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңының 12-бабында тұтынушылардың тауарды немесе қызмет көрсетуді еркін таңдау құқығы туралы анық көрсетілген. Яғни, таңдау бойынша тұтынушы құқығын шектеуге болмайды. Бұл ретте де таңдауға мүмкіндік бермей, әкімшілік ережеге сүйеніп өзіндік шарттарын қоятын сатушылар бар.

Фото: pixabay.com

Сонымен қатар қазір көп кезедесетін мәселенің бірі – сатып алынған тауардың немесе қызмет құнын жеке шотқа аударту. Бұл да өз кезегінде екі мәселеге бастайды. Алғашқысы чек шығаратын аппараттары жоқ немесе іске қосылмаған. Екінші мәселе – қажетті құрылғылары бола тұра, сауда-саттық болғанын жоққа шығарып, салық төлеуден жалтару. Тұтынушы жеке шотқа ақша аудармай, арнайы терминалдар арқылы төлем жасауға толықтай құқылы екендігін жеткізгіміз келеді.

Жоғарыда айтылған мәселелерді жою үшін қос тарап та Заңды түрде әрекет жасауы қажет. Яғни, тұтынушы талап етпей, сауда орындарындағы тәртіптің күшеюі – екіталай. Сондықтан тұтынушылардан барлық сауда-саттық барысында осы ұстанымдарды талап етуге және құқықтарының тапталуына жол бермеуге шақырамыз.

 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары