2022 жылы Азия-Тынық мұхиты аймағындағы әрбір жетінші адамның жасы 60-тан асты. 2050 жылға қарай әрбір төртінші адам осы жас тобына жататын болады. Бұл туралы БҰҰ-ның Азия-Тынық мұхит аймағындағы экономикалық-әлеуметтік комиссияның 2022 жылдың "Қартаю жөніндегі Мадрид халықаралық іс-қимыл жоспарын төртінші қарауы және бағалауы бойынша Азия-Тынық мұхиты үкіметаралық кездесуінің" қорытындысы негізінде дайындалған есебінде хабарланды.
Economic and Social Commission for Asia and the Pacific құжатында Орталық Азия елдерінің көрсеткіштері де қамтылған. Зерттеуге сәйкес, 2050 жылға қарай Азия-Тынық мұхиты аймағында 60 жастан асқан азаматтар саны көбейеді.
Қарт адамдардың үлесі бұл аймақта асқан жылдамдықпен артып келеді.
"Аймақтағы елдер әдемі қартаю, өмір бойы білім алуға құштар болу, адамды жынысы мен жасына қарай кемсітпеу, әлеуметтік қорғауды қамтитын жаңа заңдар мен түрлі іс-шара жоспарын әзірлеп жатыр. Алайда қарттарға қатысты стереотиптердің болуы, оларға күтім жасайтын азаматтардың жетіспеушілігі секілді қиындықтар да бар. Мұнымен қатар, олардың заңды құқығын қорғау мәселесі де толық шешілмеген", – делінген баяндамада.
Оқи отырыңыз: БҰҰ болжамы: 2100 жылға дейін адамның өмір сүру жасы ұзарады
Осы орайда Азия-Тынық мұхит аймағындағы елдердің қажет саясат пен бағдарламаларды қадағалайтын мемлекеттік органдарды, үйлестіру тетіктерін және ұлттық комитеттерді күшейтетіні туралы жазылған.