Тікелей эфир

Ерлан Қарин Бишімбаевтің жазасы туралы: Бұл – қоғамның мемлекетке деген сенімінің көрсеткіші

Заң бұзған адамның қалайда жазасын алуы – қоғамда әділдікті орнықтырудың басты шарты, деді мемлекеттік кеңесші.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі "Егемен Қазақстан" басылымында жарияланған мақаласында президенттің "Әділетті Қазақстан" тұғырнамасындағы тұжырымдарды айта келе, "Заң мен тәртіп" мәселесіне де тоқталып өтті. 

Мемлекеттік кеңесшінің сөзінше, "Заң және тәртіп" әділдік орнатудың әдіс-тәсілдерін айқындайды, яғни "Әділдікті қандай жолмен орнатамыз?" деген сауалға жауап береді. Заңды мүлтіксіз сақтау, баршаның заң алдында тең болуы, ең бастысы заң бұзған адамның қалайда жазасын алуы – қоғамда әділдікті орнықтырудың басты шарты.

"Осының бәрін іс жүзінде орындау өте маңызды. Бұл, әсіресе, тұрмыстық-отбасылық зорлық-зомбылыққа, жемқорлыққа қарсы күреске қатысты оқиғалардан айқын көрінеді. Қылмыс жасаған адам­ның лайықты жазалануы – әділ сот төрелігі қағидатының көрінісі ғана емес, сондай-ақ қоғамның сот жүйесіне және тұтас мемлекетке деген сенімінің көрсеткіші. Бұл ретте мына жайтты түсініп алған жөн. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – мемлекеттің ғана міндеті емес. "Заң және тәртіп" қағидатының қоғамда орнығуына барлық азамат ұдайы атсалысуға тиіс", – деді Ерлан Қарин. 


Оқи отырыңыз: Дін бостандығын қолдаймыз, алайда соқыр сенімге қарсымыз – Ерлан Қарин


Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, Әділетті Қазақстан – бәзбіреулер айтып жүргендей, биліктің ойлап тапқан жасанды идея­сы емес, президенттің стратегиялық бағдарының идеялық негізі.

"Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ең негізгі миссиясы – Әділетті Қазақстанды құру екенін үнемі айтып жүр. Саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларда жүргізіліп жат­қан жүйелі реформалардың бәрі, ең алдымен, осы стратегиялық мақ­сатқа қол жеткізуге арналған. Пре­зиденттің елімізді түбегейлі және жан-жақты жаңғыртуға қатысты байып­­тамасының түпкі мәні осында жатыр", – деп жазды мемлекеттік кеңесші.

Серіктестер жаңалықтары