Астаналық тұрғын ажырасқаннан кейін бұрынғы жұбайы екі жыл бойы соңынан қалмай, аңдып, қысым көрсеткенін айтып, заң арқылы әділдік іздеп жүр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ер адамның айтуынша, бұрынғы әйелі үнемі хабарласып, жанжал шығарып, тыныштығын бұзған. Оның сөзінше, бұл әрекеттер бірнеше жылдан бері жалғасып келеді.
Азамат бірнеше рет полицияға жүгінгенін, алайда арыздары толық қаралмағанын айтады. Ол құқық қорғау органдарының кейбір қызметкерлері "еркексің ғой, кешіре сал" деген көзқарас танытқанын алға тартты.
Ер адамның мүддесін қорғап жүрген заңгер Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, оның клиенті тарапынан ешқандай құқық бұзушылық жасалмаған.
Заңгердің сөзінше, азаматтың балағат сөз айтпағанын және өзге де заңсыз әрекеттерге бармағанын растайтын дәлелдер бар. Сондай-ақ ол қазіргі таңда іс аясында балалардың тағдыры мен азаматтың жеке қауіпсіздігі мәселесі қаралып жатқанын айтты.
Заңгердің пікірінше, ер адам жаңа отбасын құруға талпыныс жасаған кезде де бұрынғы жұбайы қызғаныш танытып, оны мазалауын жалғастырған. Қазір азаматтың басты талабы – өзіне қатысты барлық уәждің заң аясында әділ қаралуы. Оның айтуынша, екі баласы өз тәрбиесінде, ал өзі бұрынғы жұбайының мазалауын тоқтатқанын қалайды.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжілісте де отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнаманы талқылау кезінде жауапкершілік жынысына емес, жасалған құқық бұзушылыққа қарай белгіленуі тиіс деген пікір айтылған болатын.
Заңгерлердің пікірінше, сталкинг пен психологиялық қысым көрсетуге қатысты істерде заң ерлер мен әйелдерге бірдей қолданылуы қажет. Ал құқық бұзушылық дәлелденген жағдайда жауапкершілік те бәріне ортақ болуға тиіс.