5 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында әлемге танымал әнші Энрике Иглесиастың концерті өтті. Стадионға мыңдаған жанкүйер жиналып, әншінің хит әндерін бірге шырқады. Информбюро тілшісі де 45 мың адам бас қосқан концертті өз көзімен тамашалап қайтты.
Кешкі сағат жеті. Орталық стадион маңайында жүрген адам көп. Шет елден келгендер де аз емес. Стадион алдында ұзын-сонар кезек. Бәрі жастық шағының естелігіне айналған әншіні өз көзімен көруге асық. Тәртіп сақшылары жағдайды бақылап тұр. Ешкім билетсіз кіре алмайды.
Бұл кезектен соң ең үлкен кезек күтіп тұрды. Бір-бірін итеріп, даурығып жатқан ешкім жоқ. Бірнеше қатарға бөлінген адамдар өз кезегін күтіп тұр. Бұл кезек тез жылжыды. Кезегім келгенде билет тексеріп тұрған ерікті қолыма қағаз білезік тағып, "концерт жақсы өтсін" деді.
"Орталық стадион" деген үлкен жазу жақындай бастады. Соңғы тексеру, содан соң стадионға кіріп, фанзонаға өттім. Трибунада ине шаншар жер жоқ. Стадион лық толы. Сыртта кезек күтіп тұрған әлі қаншама адам бар. Іштегі тыңдарман Энрике Иглесиас уақытында сахнаға шықса екен деп күтіп тұр. Ал сырттағы көрермен "бізсіз концерт басталмаса екен" дейді.
Қазақстандық DJ Едіге концерт басталғанша стадионды ерекше плейлистімен ұстап тұрды. Бір кезде сахна қап-қара болып кетті де, жарқ ете қалды. Осылайша көптен күткен концерт басталып, тыңдармандар Энрике Иглесиасты қошеметпен қарсы алды.
Кештің көркін ашқан дүниенің бірі көрермен қолындағы мыңдаған жарқыраған білезік болды. Мұндай ауқымдағы стадион шоуында интерактивті білезік технологиясы Орталық Азияда алғаш рет қолданылды. Олар жай ғана жарық беріп қана қоймай, музыкамен бірге жанып-сөніп, әннің ырғағына қарай түсін өзгертіп отырды. Бір сәтте жарық стадионның бір шетінен екінші шетіне толқын болып жүріп өтіп, ән ауысқан сайын трибуналардың түсі де өзгере бастады. Алып стадион бірнеше минутқа біртұтас жарыққа оранған кеңістікке айналып, сахна мен көрермен арасындағы шекара жоғалғандай көрінді. Оған отты эффектілер, жарық және музыка қосылғанда, шоу ауқымды бола түсті. Осылайша мыңдаған адам шоудың бір бөлігіне айналды.
Энрике Иглесиастың әндері қазақстандық тыңдарманға бұрыннан таныс. Концертке келген көрермендерге қарап та оны аңғаруға болады. Бірі жастық шағын еске алу үшін қызымен бірге келсе, бірі анасын ертіп келген. Менің қасымда анасына серік болып келген жас жігіт тұрды. Анасы қатты қуанғаны көрініп тұр, ал оны көрген ұлы да қуанышты екені анық. Әйелін концертке жіберіп, өздері балаларына қарап қалған ер адамдар да бар. Әлеуметтік желіде осындай хикаялар туралы пікірлер аз емес.
Сондықтан бұл кеште сахнадағы әнші мен стадиондағы халықтың арасында ерекше байланыс байқалды. Алғашқы таныс әуен естіле салысымен көрермен орнынан тұрып, әнге қосылып, кейбір композицияларды Энрикемен бірге басынан аяғына дейін айтып шықты.
Әншінің өзі де сахнадан алыстан ғана өнер көрсетіп қоймай, көрерменмен үнемі байланыс жасады. Сахнаға жалғасқан ұзын подиум арқылы Энрике бірнеше рет көрерменнің ортасына дейін шықты. Концерттің тағы бір ерекшелігі – стадионның қақ ортасына қосымша сахна орнатылды. Энрике Иглесиас кеш бойы тек негізгі сахнада өнер көрсетіп
қоймай, музыканттарымен бірге көрерменнің ортасына шығып, бірнеше әнін сол жерде орындады.
Концертке Қазақстанның басқа өңірлерінен ғана емес, Орталық Азия елдері мен шетелден келгендер де болды. Энрике Иглесиастың әлемнің әр түкпіріндегі концерттеріне барып жүретін тұрақты жанкүйерлері бар, ал Алматыдағы кеш те солардың біразын бір жерге жинады.
Қазақстандағы концерттер алдында Энрике Иглесиастың шоу бағдарламасы толық жаңартылды. Осындай ауқымды қойылымның артында үлкен халықаралық команда тұр. Қазақстандағы екі концертті өткізу үшін 60-тан астам шетелдік маман арнайы келді. Жаңа қойылымды әзірлеуге әлемге танымал әртістердің концерттерімен жұмыс істейтін америкалық мамандар қатысқан. Сахна құрылысы, жарық, отты эффектілер, орталықтағы қосымша алаң мен көрермен білегіндегі мыңдаған жарық білезік сол бағдарламаның бір бөлігі еді.
Bailamos, Hero, Escape, Bailando, Ring my bells – бір кезеңнің ғана емес, бірнеше буынның жадында қалған хиттер. 2000 жылдары жастық шағын өткізген миллиондаған тыңдарман үшін Энрике Иглесиастың әндері жай ғана музыкалық туынды емес. Олар – алғашқы махаббаттың үнсіз куәсі, орындалған армандар мен қимастыққа толы сәттердің саундтрегі. Hero алғаш рет сезімді сөзбен жеткізе алмаған жандардың жүрегінен орын тапса, Escape талай ғашықтың әнұранына айналды. Ал Bailamos пен Rhythm Divine бүкіл әлемдегі би алаңдарын дүр сілкіндіріп, жазғы демалыстардың, студенттік кештердің және достармен өткен жарқын күндердің ажырамас бөлігі іспетті. Уақыт алға жылжығанымен, сол әндердің әсері көмескіленген жоқ. Керісінше, жыл өткен сайын олардың әр нотасы сағынышқа, естелікке, қайта қауышуға деген ерекше сезімге ұласа түсті.
Бүгінде Энрике Иглесиасты көпшілік бейресми түрде "Латын поп-музыкасының королі" деп атайды. Өнер жолында ол Grammy сыйлығының лауреаты атанып, бес мәрте Latin Grammy жүлдесін иеленді. Алғашқы Grammy марапатын ол 1997 жылы өзінің испан тіліндегі дебюттік альбомы үшін жеңіп алды. Бұл марапат Энрикенің халықаралық мансабындағы маңызды белеске айналды. Дегенмен оның басты жетістігі марапаттармен ғана өлшенбейді. Энрике миллиондаған адамға музыканы тілсіз түсінуге болатынын көрсетті. Әуеннің жүрекке жетуі үшін аударманың қажеті жоқ екенін дәлелдей алды.
Сол себепті Billboard Энрике Иглесиасты барлық уақыттағы ең үздік латынамерикалық әртістердің көш басына қойғаны бекерден-бекер емес. Оның музыкалық жазбалары әлем бойынша 180 миллионнан астам данамен тараған.
Ашық аспан астында мыңдаған адам жастық шағының хит әндерін қосыла айтты. Энрике Иглесиас жанкүйерлеріне алғыс айтудан шаршамады. "Алматы, мен сені сүйемін" деген кезде стадионға жиналған халық қаттырақ қуанып, шулап қоя берді. Энрикенің түрін жақыннан көрмесем де, сахнадағы үлкен экраннан тамашалай алдым. Концерт бойы көрерменнің ыстық ықыласы өнер иесіне қуат бергені сезілді. Жанкүйерлері құшақ-құшақ гүл щоқтарын сыйлады. Энрике де риза, халық та риза. Бір жарым сағатқа созылған концерт өң мен түстің арасындай өте шықты. Керемет кештің буына масайраған көрермен тамаша көңіл-күйге бөленіп, үй-үйіне тарқасты. Алыстан келген кейбірі үйіне әлі жетпеген де болар.