Енді бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржы есебінен пәтер алу қиындай түсуі мүмкін. Өйткені, тұрғын үйді бірреттік төлемге сатып алу шарттары өзгертіледі. Соған сәйкес, жинаққаржыға алынған мүлікті кемі бес жыл сатуға тыйым салынады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Осылайша, "Отбасы банк" тұрғын үй нарығын реттеп, бағаны тұрақтандыруды жоспарлап отыр. "Отбасы банк" зейнетақы жинақтарын мақсатсыз пайдаланудың тағы бір күмәнді жолын анықтаған. Яғни, мамандар үлестірілген бір реттік төлемдерге талдау жүргізіп, бір пәтердің бірнеше мәрте сатылғанына көз жеткізген. Сондықтан, "Отбасы банк" зейнетақы жинақтары есебінен алынған пәтерді сатуға шектеу енгізуді ұсынып отыр.
"Мұндай әрекеттерде заң бұзылмаған, бірақ осындай жағдайлар зейнетақы қаражаты дұрыс мақсатта пайдаланылмау қаупін тудырып, тұрғын үй бағаларын бұрмалап жіберуі мүмкін. Осы қауіптердің алдын алу мақсатында Банк Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне хат жолдап, "Зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалану ережесіне" өзгерістер енгізуді сұрады. Банк зейнетақы қаражатын пайдаланып сатып алынған тұрғын үйді тек 5 жылдан кейін қайта сатуға рұқсат беру ұсынысын жасады", – делінген хабарламада.
Бастысы, тұрғын үй нарығындағы нақты ахуалды білу дейді банк өкілдері. Өйткені, осыған ұқсас күмәнді тетіктер бағаның негізсіз өсуіне әкеп соғады.
USD:
507.5 / 510.9
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.51 / 6.63