Енді студенттерін жатақханамен қамти алмаған ЖОО лицензиясынан айырылуы мүмкін

Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі
Қазақстанда кей мамандықтар бойынша бакалавриат 3 жылға қысқаруы мүмкін.

Қазақстанда жоғары оқу орындарына талап күшейтілмек. Енді университеттер талапкер қабылдау кезінде жатақханадағы орын санын ескеруге міндеттелуі мүмкін. Студенттерін қажетті деңгейде жатақханамен қамти алмаған жоғары оқу орындары лицензиясынан айырылу қаупіне тап болады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Министрдің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстандағы студенттерді жатақханамен қамту мәселесі айтарлықтай шешілген.

Мәселен, 2020 жылы жатақхана тапшылығы 82 500 орынды құраса, қазір бұл көрсеткіш шамамен 5 мың орынға дейін азайған. Қазіргі таңда мәселе негізінен Алматыда өзекті болып отыр. Жатақханаға орналаса алмаған әлеуметтік осал санаттағы студенттерге қаржылай көмек көрсетіледі.

Саясат Нұрбектің айтуынша, былтыр ата-анасынан айырылған және әлеуметтік осал топқа жататын 3 900 студентке 29 АЕК көлемінде көмек берілген.

Министр жатақхана ақысының да айтарлықтай өспегенін атап өтті. Мысалы, Алматыда ай сайынғы төлем шамамен 40 мың теңге, ал Таразда ең төменгі баға 8 700 теңге шамасында. Сонымен қатар жоғары оқу орындарындағы кейбір мамандықтардың оқу мерзімін төрт жылдан үш жылға дейін қысқарту ұсынылып отыр.

Министрдің айтуынша, әсіресе IT және жасанды интеллект секілді бағыттардың оқу мазмұны өзгеріп жатыр. Сондықтан мұндай мамандықтарды төрт жыл оқудың қажеті болмайтын жағдайлар қарастырылуда.

"4 жыл ұзақ саналатын белгілі бір мамандықтар бар. Мысалы, ІТ, жасанды интеллект сынды мамандықтардың оқу мазмұны өзгерді. Сол үшін біз Үкіметке қолданбалы бакалавриат форматында жоғары оқу орындарында оқудың қысқарған формасын ұсындық", – деді Саясат Нұрбек.

Бұл тәсіл алдымен колледждерде пилоттық форматта енгізіледі. Жоба жүзеге асса, студент колледжде бакалавриат деңгейіне сәйкес нақты мамандықты меңгеріп шыға алады. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингін әзірлеп, іске қосу жоспарланып отыр. Рейтинг бірнеше негізгі көрсеткіштен тұрады. Оның ішінде университеттің білім сапасы, инфрақұрылымы және түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі ескеріледі.

Министрдің айтуынша, бұл ақпарат талапкерлер мен ата-аналарға университет таңдау кезінде бағыт-бағдар береді. Осылайша, талапкерлер ЖОО-ның ұлттық рейтингтегі орнын көріп, оның білім сапасы мен материалдық базасы туралы ақпаратқа сүйене отырып, оқу орнын саналы түрде таңдай алады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау