2026 жылғы наурыз айынан бастап жергілікті әкімдіктер қоғамдық орындарды ластаған, абаттандыру ережелерін бұзған және қала инфрақұрылымына зиян келтірген азаматтарды полицияны күтпей-ақ әкімшілік жауапқа тарта алады, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Министрліктің мәліметінше, қалалар мен елді мекендердің тазалығы мен көркейтілуіне бақылау күшейтіледі. Осыған байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер келер жылдың наурыз айында күшіне енеді.
"Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, сондай-ақ барлық облыстардың жергілікті атқарушы органдарына қоғамдық кеңістікті ластағаны және абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін Кодекстің 434-2 және 505-баптары бойынша әкімшілік хаттама толтыру құқығы беріледі. Бұған дейін мұндай шараларды тек құқық қорғау органдары ғана қолдана алатын. Жаңа тәртіпке сәйкес, заңсыз қоқыс тастаған, жасыл желектерді бүлдірген немесе қала инфрақұрылымына зиян келтірген тұрғындарға әкімдіктер тарапынан да айыппұл салынады", – делінген хабарламада.
Ведомство дерегінше, өткен жылы елімізде осындай құқықбұзушылықтар үшін 591 мыңнан астам адам әкімшілік жауапқа тартылған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5,2 миллиард теңгеден асқан.
USD:
502.3 / 505.3
EUR:
596.0 / 600.0
RUB:
6.49 / 6.61