Қазақстандықтар алдағы уақытта көлігімен қалаған күні еркін жүре алмауы мүмкін. Экология министрлігі ауа сапасы күрт нашарлаған кезде автокөліктердің мемлекеттік нөмірінің соңғы цифрына қарай қозғалысты уақытша шектеуді ұсынды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ұсынысқа сәйкес:
- Нөмірі жұп санмен аяқталатын көліктер – жұп күндері,
- Нөмірі тақ санмен аяқталатын көліктер – тақ күндері ғана қозғала алады.
Бұл тәжірибе Қытай астанасы — Бейжің қаласында қолданылып келеді. Қазақстандық экологтар осы үлгіні енгізуді ұсынып отыр.
Министрлік дерегінше, Алматы қаласындағы зиянды қалдықтардың шамамен 60 пайызы автокөліктерден шығады. Сондықтан ауа ластануы күшейген күндері көлік санын азайту арқылы экологиялық ахуалды жақсарту көзделіп отыр.
Сонымен қатар, Экологиялық кодекстің 205 және 21-баптарына сәйкес әкімдіктерге ауаны ластау бойынша жиынтық есептеулер жүргізу, қоршаған орта сапасының нысаналық көрсеткіштерін әзірлеу және тиісті шараларды күшейту тапсырылған.
Кейбір тұрғындар бастаманы қолдайды. Олардың пікірінше, көлік азайса, қаладағы кептеліс те, түтін де азаяды. Алайда қарсы пікір айтқандар да бар. Кей жүргізушілер жеке шаруаларына байланысты көлікті күн сайын пайдалану қажет екенін айтып, нөмірге байланысты шектеуді әділетсіз деп санайды.
Тәртіпті енгізу-енгізбеу мәселесін әкімдік пен мәслихат шешеді. Алматы қаласының әкімдігі бұл бастама қазіргі қолданыстағы ережеде қарастырылмағанын мәлімдеді. Қалада ауаны қорғау ережесі екі ай бұрын ғана қабылданған.
Дегенмен, 2029 жылдан бастап экологиялық талаптарға сай келмейтін ескі көліктерге ақылы кіру енгізу жоспарда бар. Ал 2027 жылдан бастап нормаға сәйкес келмейтін автокөліктерге шектеу қою кезең-кезеңімен басталады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, елдегі көлік саны 6 миллионға жуықтаған. Оның 4,9 миллионы – жеңіл автокөлік. Көліктердің басым бөлігі Алматы мен Астанада тіркелген.
USD:
460.1 / 462.7
EUR:
541.5 / 546.5
RUB:
5.95 / 6.07