Қазақстанда енді мейірбикелер де диагноз қоя алады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл жүйе дәрігерлердің жүктемесін азайтып, пациенттердің уақытын үнемдейді. Ол үшін орта медициналық қызметкерлер арнайы бағдарлама бойынша білім алады. Бұдан бұрын маманның әр шешімі дәрігермен келісілетін еді. Жаңа жүйе орташа деңгейдегі медицина қызметкерлеріне өз бетінше жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
"Біз науқас туралы толық ақпарат жинаймыз. Қандай мәселелері бар соның бәрін анықтағаннан кейін біз мейірбикелік диагноз қоямыз. Мейірбикелік диагноз қойғаннан кейін біз сол диагнозбен қалай күресу керектігін үйретеміз. Өзінің ауруын күн тәртібімен бірге қалай реттеу керек екенін түсіндіріп, айтамыз", – деді №6 Алматы қалалық емханасының мейірбикесі Динара Тәжікова.
Ал мамандар жаңашылдықты денсаулық сақтау саласын дамытудағы оң үрдіс деп есептейді. Жоғары білімді мейірбикелер пациентке тек мейіргерлік диагноз ғана емес, сонымен қатар заманауи стандарттарға сәйкес барлық қажет құжаттаманы дұрыс толтыруға міндетті.
Айта кетейік, бұл тек "Мейіргер ісі" мамандығы бойынша жоғары білімі бар қызметкерлерге қатысты.
Енді жеке қабылдау жүргізетін мейірбикелер бакалавриат білімімен қоса, жыл сайын мейіргер ісі саласында біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Бұл аурудың алдын алып, халықтың денсаулығын нығайтуға мүмкіндік береді.