Жуырда жасанды интеллект күнделікті өмірдің айнымас бөлшегіне айналады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Шенеуніктер, тіпті нейрожелінің көмегімен бюджетті болжап, әкімдердің жұмысындағы кемшіліктерді анықтайтын болады. Сонымен қатар сандық құжаттарды алуға виртуалды көмекші жәрдемдеспек.
Енді eGov жүйесінде мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға арнайы ассистент көмектеседі. Бұдан бөлек жасанды зейін заңсыз ағаш кесу, алқапты қоқыс алаңына айналдыру секілді құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алуға ықпал етпек.
"Біз "әлеуметтік әмиянды" енгіздік. Қазір ол Егов қосымшасында қолжетімді. Әзірге, екі қызмет түрінен бастап отырмыз. Біріншісі, оқушыларға тегін тамақ беру. Бұл қызмет 700 мың оқушыны қамтиды. Ата-ана баласының тегін тамақ алғаны туралы ақпаратты автоматты түрде алады. Екіншісі, тегін дәрі-дәрмек. Оған мемлекеттік дәріханалар 100 пайыз қосылған", – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Осыдан соң министр Мәдиев мырза Үкімет мүшелеріне жасанды интеллект негізіндегі жаңа өнімді таныстырды. Виртуалды ассистент Еговта ұсынылған мемлекеттік қызметтерді алуға көмектесуге тиіс.
Ведомство басшысы қосымшаға өз деректерін енгізіп, іс жүзінде жасанды зейіннің қызмет алушымен қалай тілдесетінін де көрсетті. Бірақ некені тіркеуге өтінім беріп, Үкімет басшысының тосын әзіліне себеп болды. Жоба әзірге пилоттық режимде әрі тек орыс тілінде жұмыс істейді.
Жалпы, Үкіметтің көшпелі отырысында жасанды интеллектті сан салаға енгізудің маңыздылығы жайында көп айтылды. Әрі Олжас Бектенов жүйенің толық жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізу үшін министр ұсынған мысалдан өзге де деректерге үңіліп отырды. Мәселен, Светлана Жақыпова жасанды зейін әкімдердің жұмысындағы кемшіліктерді әшкерелей алады деп мәлімдеп, Риддер қаласындағы ахуалды мысал еткен. Бірақ премьер-министр басқа өңірді таңдап, ақпаратын сұратты.
Демек, жасанды интеллект кез келген өңірдегі, алыс ауылдағы ахуалды көрсетуге қауқарлы. Бастысы, отбасының әлеуметтік қиындықтарға не себепті тап болғанын әрі тығырықтан шығудың жолын ұсына алады. Ал ол дерек апта сайын сол өңірдің әкіміне жолданады. Бұл мәселені дер кезінде шешуге ықпал етпек.