Егер бұрын әскери госпитальдар қорғаныс ведомствосына қатысы бар адамдарға ғана қызмет көрсетсе, енді әскери дәрігерлердің қызметіне халық та жүгіне алады, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
"Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заң нормаларына сәйкес әскери медициналық мекемелерге сарбаздар, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері, шекті жасқа толғаннан кейін және денсаулық жағдайы бойынша запасқа шығарылған адамдар, Қарулы күштердің қызметкерлері және басқа да азаматтар жүгінеді.
Ақылы қызметтер қағидаларын басшылыққа ала отырып, әскери-медициналық мекемелер тегін көрсетілетін кепілді медициналық көмек деңгейінің тізбесі шегінде МӘМС жүйесі негізінде көрсетеді.
Оқи отырыңыз: 2024 жылы МӘМС үшін кім қанша төлеуі керек?
"Осы мақсатта әскери госпитальдар мен емханалар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалдарымен шарттар жасасты. Жасалған шарттар шеңберінде әскери мамандар госпитальдарда, лазареттерде стационарлық көмек және әскери емханалар мен бөлімшелерде консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсетеді", – делінген ресми хабарламада.
Азаматтар медициналық ұйымды еркін таңдау құқығын ескере отырып, әскери-медициналық мекемелердің қызметтерін пайдалана алады. Жоспарлы стационарлық емдеуге тіркелген жері бойынша емханаға жүгіну арқылы түсуге болады, ол қызметті "Емдеуге жатқызу бюросы" порталы арқылы ресімдейді.