Тікелей эфир

Еңбекші ауданында жаңа гүлзар ашылды

Еңбекші ауданындағы Жібек жолы – Сайрам көшелері қиылысында тағы бір жаңа гүлзар ашылып, пайдалануға берілді.

Жаңа әлеуметтік нысанды кәсіпкерлер іске қосты. Аумағы 1,1 гектар болатын гүлзарда тұрғындарға барлық қолайлы жағдай жасалған. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа гүлзардың ашылуына қатысып, тұрғындармен кездесті.

Ауданда 2022 жылы "Қазақстан-Түркия достығы" саябағы пайдалануға берілген болатын. Биыл тағы бір жаңа гүлзар ашылып отыр. Жаңа нысан  – BI group компаниясының қалаға тартуы. Жұмысшылар құрылысты 1,5 ай ішінде, қала күні қарсаңында аяқтады.

Аллея BIG TULIP атауын иеленген. Tulip түркі тілінде "қызғалдақ" деген мағынаны береді. Аллеяға кіреберістегі 5 қызғалдақ түнде жарқырап жанады. Компания өкілі Қайрат Қуанышбаевтың айтуынша, қыркүйек айында тағы бір жоба тапсырылмақ.

Бұған дейін заңсыз сауда нысандары болған аумақ осылайша абаттанған орынға айналды. Қала әкімі тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары одан әрі жалғасатынын айтты.

– Өздеріңіз білесіздер, мұндай нысандарға бюджеттен қаржы бөлініп жатқан жоқ. Барлығы кәсіпкерлердің  бастамасымен, сый ретінде салынып отыр. Игіліктеріңізге пайдаланыңыздар. Жақсы орындар көбейе берсін. Енді осы нысанды өздеріңіз күтіп-ұстаңыздар. Жалпы халықтың да тазалыққа деген қарым-қатынасы өзгеруі керек. Қазір қалада субұрқақтардың ескірген сорғыларын ауыстырып жатырмыз. Жақын арада оны да іске қосамыз, – деді қала әкімі тұрғындармен кездесуде.

Қала тұрғындары шаһар басшысына жаңа гүлзарлар көптеп ашылғалы жастардың, тұрғындардың тазалыққа деген ойы өзгере бастағанын жеткізді.  

Қызғалдақ – қаламыздың символы. Big Tulip атауы адамдардың назарын осы әдемі гүлге аударуды көздейді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары