Тікелей эфир

Жүкті әйелдерге вакцина салу қауіпсіз бе? Дәрігер жауабы

Маманның айтуынша, ана үшін де, бала үшін де вакцинацияның қауіпсіздігі туралы сенімді мәліметтер барынша көп жиналды.

Жүкті әйелдерге екпенің кез келген түрін салуға болмайды. Болашақ аналарды тек мРНҚ-ға негізделген вакциналармен, басқаша айтқанда, BioNTech/Pfizer және Moderna препараттарымен егу ұсынылады, деп мәлімдеді №15 қалалық емхананың ЖТД бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Сыздықова.

"Болашақ аналар COVID-19-дың ауыр түрінің дамуы мүмкін қауіп тобына жатады. Қазіргі уақытта болашақ ана үшін де, бала үшін де вакцинацияның қауіпсіздігі туралы сенімді мәліметтер барынша көп жиналды. Бірақ вакцинаның бәрі жүкті әйелдерге жарамайды. Оларды тек мРНҚ-ға негізделген вакциналармен, басқаша айтқанда, BioNTech/Pfizer және Moderna препараттарымен егу ұсынылады. Өйткені жүктілік кезінде гормоналды өзгерістерге байланысты тромбоз қаупі артады. Қазіргі уақытта жарияланған жүкті әйелдерді вакцинациялау бойынша зерттеулер екпе ана үшін де, ұрық үшін де қауіпсіз екенін көрсетті. Осы себепті вакцинаны жүкті әйелдерге, сондай-ақ халықтың қалған бөлігіне ұсыну керек. Оның артықшылығы COVID-19 жұқтыру қаупінен асып түседі", – деді Гүлнар Сыздықова.

Сондай-ақ, бөлім меңгерушісі асқыну қаупінің жоғарылауымен байланысты аурулары бар жүкті әйелдерге вакцинация ұсынылатынына тоқталды. Айтуынша, прегестациялық қант диабеті, жүрек ауруы, семіздік, бүйрек ауруы, астма немесе цистикалық фиброз, жоғары қан қысымы, иммуносупрессия және т.б. сияқты патологиясы бар жүкті әйелдерге КВИ вакцинасын ұсыну өте маңызды.

"АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы жүктілік кезінде коронавирустың анадан балаға берілуі екіталай екенін, бірақ туғаннан кейін нәресте коронавирус инфекциясы бар адаммен байланыста болуы мүмкін екенін айтады. Ал Қазақстанда коронавирустың құрсақтағы сәбиге берілу жағдайы болған жоқ", – деп қосты Гүлнар Сыздықова.

Мұнымен қатар, маман науқастарда COVID-19-дан кейін қандай салдары болуы мүмкін екенін бөлісті. Айтуынша, адамдардың шамамен 80%-ы арнайы емдеу мен оңалтуды қажет етпестен коронавирустан қалпына келеді. COVID-19-дың жиі кездесетін салдары: жалпы әлсіздік, жұмыс істеу (күш салып) кезінде ентігу, терлеу, ұйқысыздық, мазасыздық, көңіл-күйдің төмендеуі, депрессия, асқынулар – инфаркт және инсульт.

"Коронавирусты жеңіл және орташа дәрежеде өткерген адамдар үйде емделеді. COVID-19 бар кейбір азаматтар иіс сезу, дәм сезу қабілетін жоғалтады, өйткені вирус мұрындағы иісті жасушаларды зақымдайды. Оларды қалпына келтіру 18 айға созылуы мүмкін. Жад проблемасына шағымданатындар саны өсуде. Себебі әлсіреген өкпенің жұмысы нашарлайды, ми қыртысының оттегімен байытылуын азайтады", – деді Гүлнар Сыздықова.

Еске салсақ, Қазақстанда ревакцинация 22 қарашада басталатыны туралы хабарлаған едік. Жыл соңына дейін халықтың науқастану тәуекелі жоғары осал тобы екпе алады. Ал жаппай қайта екпе салу 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастау алады.

Серіктестер жаңалықтары