Елге қайтарылған активтер есебінен Qyzyljar арнайы экономикалық аймағына 9,6 млрд теңге бөлінді

Фото: Primeminister.kz сайты
Фото: Primeminister.kz сайты
Қазіргі таңда экономикалық аймаққа 20-дан астам қатысушы тіркелген.

Үкімет мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің экономикалық әлеуетін нығайту және ірі инфрақұрылымдық жобалар құру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысында Qyzyljar арнайы экономикалық аймағын дамытуға Арнаулы мемлекеттік қордан 9,6 млрд теңге бөлді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі

Қазіргі таңда Qyzyljar АЭА-ға 20-дан астам қатысушы тіркелген, олардың жалпы жарияланған инвестициясының көлемі 317,1 млрд теңгені құрайды, бұл 4 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Оның ішінде құны 28,4 млрд теңге болатын 5 жоба қазірдің өзінде іске қосылды. Бұл кәсіпорындарда 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. 

Бөлінген қаражат есебінен жаңа инфрақұрылым мен инженерлік коммуникациялар салу экономиканың келешегі зор салаларында, мысалы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, АӨК сияқты және басқа да салаларда тағы 16 инвестициялық жобаны іске қосуды жеделдетеді. Инвестициялардың жиынтық көлемі 279 млрд теңгені құрайды, 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. 

Қазіргі уақытта АЭА аумағында сумен жабдықтау және жауын суын бұруға арналған кәріз жұмыстары аяқталды. №3 қосалқы аймаққа арналған теміржол желілерінің құрылысы басталды. Бұл ретте жылу желілерін тарту, жолдар, дренаж жүйесі, байланыс желілерін тарту және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 

Жаңа өндіріс орындарын іске қосу Солтүстік Қазақстан облысының одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етіп, өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары