Тікелей эфир

"Ел ішіне ылаң салып жүр". Бас мүфти дәстүрді жоққа шығаратындар туралы пікір білдірді

Ол дін мен дәстүрді екіге бөліп қарамауға үндеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырауда өткен ғылыми конференцияда экстремизммен күрестің төте жолы ретінде салт-дәстүр мен дұрыс шариғатты дәріптеу қажеттігін айтты. Оның айтуынша, қазақ дәстүрінің өзі дінмен сабақтасып жатыр. 

"Экстремизмнің алдын алу үшін ұлттық салт-дәстүрді, дұрыс шариғатты дәріптеу қажет деп есептеймін. Дәстүр дегеніміз – елімізде қалыптасқан діни тәжірибелер тізбегі және біздің өмір сүру салтымыз. Бүгінде қазақтың дәстүрін жоққа шығарып, ел ішіне ылаң салып жүргендер жоқ емес. "Қазақ дінсіз болған" деген сынды шала түсініктегілер елімізді ислам дініне енді тәй-тәй басқан баладай көрсеткісі келді", – деді бас мүфти.


Оқи отырыңыз: Бас мүфти: Әлеуметтік желілерде өз бетінше діни пәтуа беретіндер көбейді


Оның айтуынша, алайда жат ағымның жетегінде кеткендер дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қою арқылы ел ішін араз етіп отыр. 

"Олар бұл әлемді өз қалауына қарай өзгертуге тырысады, дәстүрлі құндылықтарды толығымен жойып жібергісі келеді. Радикализм мен экстремизмге жетелейді. Осы ретте айта кету керек, деструктивті ағымдар тек ислам дінін жамылып, өз ниеттерін жүзеге асырмайды, жат ағымның протестанттық және шығыстық түрлері де бар. Ең қызығы жат ағымдардың қаражат табу, билікке бару, өз идеологиясын тарату сынды көздеген мақсаты болады", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Серіктестер жаңалықтары