Тікелей эфир

Ел ғалымдары терең жаралар мен күйіктерді емдейтін құралдар әзірледі

Олардың қатарында X-Graft жабыны, «Фиброспрей» жасушалық препараты, биокомпозитті жасушалық гидрогель бар.

Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, X-Graft биологиялық жабыны клиникалық зерттеулерден өтіп, көп ұзамай Қазақстан Республикасында тіркеледі. Зерттеу нәтижелері аталған биологиялық материалды қолдану жараны емдеу процесін едәуір тездететінін көрсетті. Сонымен қатар науқастардың ауруханада емделу кезеңін қысқартады.

"Орталық ғалымдары әзірлеген X-Graft жабыны заманауи инженерлік технологиялар көмегімен коллаген және эластин талшықтарынан жасалған. Таңу материалы терең және ұзақ уақыт емделмейтін жараларға арналған, сонымен қатар трофикалық жараларды уақытша таңу үшін қолданылады. Жабын қолданыста ыңғайлы, дәке таңғышпен салыстырғанда жараның бетіне жабыспайды. Емдік қасиеттері бойынша аталған биологиялық жабын шетелдік аналогтардан кем түспейді және беріктігі жоғары, икемді әрі абсорбцияға ие", – деді Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Ерлан Раманқұлов.


Оқи отырыңыз:


Сондай-ақ, орталық ғалымдары терең жаралар мен күйіктерді емдеуге арналған "Фиброспрей" жасушалық препаратын ойлап тапты. Аэрозоль адамның тері жасушалары – фибробласттардың суспензиясынан тұрады және жараның сауығу процесін екі есе жылдамдатады. Сонымен қатар клиникалық тәжірибеде бұл препарат тері трансплантацияларын тездету үшін қолданылады.

Орталық ғалымдары сонымен қатар бағаналы жасушаларды қолдану арқылы күрделі сынықтар мен зақымдалған тізе буындарын қалпына келтіру технологиясын жасады. Клиникаға дейінгі сынақтардың нәтижелері бойынша биокомпозитті жасушалық гидрогель жоғары тиімділігін көрсетті. Гидрогельдің құрамындағы бағаналы жасушалар сүйек немесе шеміршек тіндерінің қалпына келу процесін тездетеді. Арнайы технологияның арқасында препарат операциядан кейін үш-алты ай ішінде зақымдалған сүйек пен шеміршек тінін қалпына келтіреді.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары