Бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталды. Бұл ақпаратты Бас прокуратура растады.
"29 сәуірде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібінде ішкі істер экс-министрі Е.З.Тұрғымбаев ұсталды. Қылмыстық істе мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етуге жатпайды", – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Еске салайық, Ерлан Тұрғымбаев ҚР Ішкі істер министрлігін 2019-2022 жылдар аралығында ішкі істер министрі қызметін атқарды.
2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін ол бұл қызметтен бсатылды. Кейін мемлекет басшысының кеңесшісі, ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының кеңесшісі қызметтерін атқарды.
Оқи отырыңыз: Бас прокуратура экс-министр Тұрғымбаевты қылмыстық қудалау туралы қауесетке түсініктеме берді
Биылғы наурыздың соңында Бас прокуратура бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен басқа да полиция органдарының басшыларының қылмыстық қудалауға түсуі туралы ақпаратқа түсініктеме берген болатын.
2022 жылдың басынан бастап Бас прокуратура қаңтар оқиғалары кезеңінде құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етпеуге, сондай-ақ азаматтарға азаптауды қолдануға байланысты күш органдарының қызметкерлеріне қатысты тергеп-тексерулерді жалғастыруда.
"Оларды жасағаны үшін соттармен облыстық полиция және ұлттық қауіпсіздік органдарының бірқатар басшылары мен қызметкерлері сотталды. Жүргізіліп жатқан тергеп-тексерулер шеңберінде Ішкі істер экс-министрі Ерлан Тұрғымбаевтан жауап алынды", – деп жазылған хабарламада.