Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бөлінген 2,6 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдікті ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесін және мемлекеттік субсидиялау тетіктерін пайдаланып, бюджет қаражатын заңсыз алудың тұрақты схемасын ұйымдастырған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, ол өзіне бағынысты кәсіпорындар мен Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығын пайдаланған.
Уәкілетті органдарға өнеркәсіптік таңқурай алқаптарын отырғызуға арналған элиталық көшеттерді сатып алу туралы жалған құжаттар ұсынылған. Атап айтқанда, жалған сатып алу-сату шарттары, қабылдау-тапсыру актілері, электронды шот-фактуралар және көшет өндірушілерді аттестаттау құжаттары рәсімделген. Алайда тергеу барысында көшеттердің іс жүзінде жеткізілмегені анықталған. Сонымен қатар құжаттарда көрсетілген кейбір шаруашылықтардың таңқурай өсіруге нақты мүмкіндігі болмаған, – делінген хабарламада.
Осының салдарынан мемлекеттен 2,6 млрд теңгеден астам субсидия заңсыз алынған.
Агенттіктің мәліметінше, заңсыз алынған қаражаттың 491 млн теңгесі қор нарығындағы операцияларға жұмсалған. Бұл үшін күдіктінің жұбайының атына брокерлік шот ашылып, оған қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздары сатып алынған.
Бұдан бөлек, тағы 400 млн теңге уақытша қаржылай көмек көрсету деген желеумен микроқаржы ұйымына аударылып, кейін кезең-кезеңімен қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Тергеу дерегіне сәйкес, экс-депутат ұрланған қаражаттың 170 млн теңгесін Қонаев қаласындағы казинода жұмсаған. Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі төрт пәтерге, үш автокөлікке, жеке тұрғын үйге және бағалы қағаздарға тыйым салынды. Үш күдікті қамауға алынды, – делінген хабарламада.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.