Тікелей эфир

Экономист доллардың қымбаттауы туралы: Бұл теңгенің рубль соңынан еруіне байланысты

Сарапшылар елде доллардың қымбаттауының халық жағдайына қалай әсер ететінін түсіндірді.

Бірқатар экономист Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға кері әсерін тигізіп, халықтың тұрмысы нашарлайтынын айтады. Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан еуразиялық экономикалық одантан бас тартуға шақырса, экономист Сапарбай Жұбаев рубльдің құнсыздануынан қазақстандық тауар экспорттаушылардың табысы артатынын алға тартты, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

"Шұғыл түрде біз теңге мен рубль арасындағы мәмілелерден бас тартуымыз керек. Бірақ қазір мұндай қадамға үкімет пен ұлттық банк бармайтын сияқты. Жалпы ол тактикалық қадам ғана. Түбі еуразиялық одақтан шығуымыз керек. Одақ құрамында қала берсек, Қазақстанда даму болмайды. Мұнайдың қымбатшылығынан халық аса жақсылық көрмейді. Тағы да олигархтар ғана байып кетеді. Егер қазір рубль шарықтайтын болса, онда теңгенің де құны төмендейді. Сонда міндетті түрде бағалар өседі. Әлбетте бұл қарапайым халық үшін кері әсер етеді. Себебі мұның барлығы бағаның өсуіне әкеліп соғады, кедейлік көбейеді", – деді Мұхтар Тайжан.


Оқи отырыңыз: 1 доллар – 495 теңге. Ресей-Украина қақтығысының Қазақстан экономикасына ықпалы қандай?


Ал экономист Сапарбай Жұбаев доллардың өсуінің отандық импорттаушыларға пайдасы барын айтады.

"Теңгенің долларға шаққандағы айырбастау бағамының төмендеуі рубльдің соңынан еруіміздің арқасы. Ол керек. Сол себепті бұл теріс әсер деп есептеледі. Себебі қалыпты жағдайда жақсы, бірақ теріс түскен соң біздегі импорттың бағасы артады. Халықтың депозиттегі ақшасы төмен түседі. Ұлттық банк сол үшін пайыз қосады. Кейін сауда-саттыққа теріс әсер етеді. Бірақ мұның аз-мәз бір оң жері бар. Біріншіден, біздің өндірушілердің теңгедегі табысы артады. Мәселен кеше ғана бір миллион долларға ұн экспорттаған кәсіпорын 428 миллион алған болса, ал бүгін ол 460 миллион табыс табады", – деді экономист Сапарбай Жұбаев.

Еске салсақ, KASE сауда-саттық қорытындысы бойынша доллар курсы 495 теңге болатыны туралы хабарлаған едік. Сауда-саттық франкфурттық аукцион форматында жүргізілді. 

Серіктестер жаңалықтары