Алматыда Қазақстандағы алғашқы крематорий өз жұмысын бастады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жаңа нысан қалалық инфрақұрылымның бір бөлігіне айналып, Қалалық патологоанатомиялық бюро теңгеріміне берілді.
"Кремация енді дәстүрлі жерлеуге балама ретінде ұсынылады. Бұл тұрғындарға мәдени, діни және жеке көзқарасына сәйкес таңдау жасауға мүмкіндік береді. Кешен Чехияда өндірілген заманауи жабдықтармен жабдықталған. Мұнда көпсатылы сүзгі жүйесі бар екі кремациялық пеш орнатылған. Екі камералы технология түтін газдарының толық жануын қамтамасыз етіп, зиянды шығарындыларды азайтады, иіс пен көзге көрінетін түтіннің таралуына жол бермейді", – делінген хабарламада.
Бір кремация рәсімі шамамен екі сағатқа созылады. Ал пешті қажет температураға дейін қыздыру 35 сағатқа дейін уақыт алады. Толық жүктеме кезінде әр пеш тәулігіне 8 рәсімге дейін орындай алады.

"Кремация үдерісі қатаң регламентке сай жүргізіледі. Ол мәйітті қабылдаудан бастап, міндетті сәйкестендіру, кремациялау, күлді өңдеу және туыстарына тапсыру кезеңдерін қамтиды. Әрбір қадам арнайы бақылаумен және құжатпен рәсімделеді. Крематорийде қоштасу рәсімдеріне арналған арнайы залдар қарастырылған. Сондай-ақ туыстарға арналған бөлмеде рәсім барысын бақылау мүмкіндігі бар", – делінген хабарламада.
Мекеме қызметкерлері шетелде арнайы дайындықтан өткен. Қызмет барысында санитарлық талаптар, кәсіби этика және құрмет қағидаттары қатаң сақталады.
Сарапшылардың пікірінше, крематорийдің іске қосылуы Қазақстанда ритуалдық қызметтердің заманауи әрі экологиялық бағытта дамуына ықпал етеді.
USD:
460.9 / 463.7
EUR:
542.5 / 547.5
RUB:
6.01 / 6.13