Дүниежүзілік банктің қолдауымен Civitta International компаниясы жүзеге асыратын WeVenture бағдарламасы Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияда іске қосылды. Ол әйел кәсіпкерлердің бизнесін дамытуға, капитал тартуға және халықаралық нарыққа шығуға бағытталған тұрақты экожүйе құруды көздейді. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің баспасөз қызметі хабарлады.
12 апталық бағдарлама барысында кәсіпкер әйелдер интерактивті тренингтерге, жеке менторлық кездесулерге қатысып, нарықта тәжірибелік сынақтардан өтеді және Demo Day іс-шарасында өз жобаларын инвесторлар мен сарапшыларға таныстырады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бағдарлама қатысушылардың кәсіпкерлік ойлау қабілетін дамытуға және өсу кедергілерін жеңуге, мақсатты нарықты және клиент сегменттерін нақтылауға, қаржылық модельдер мен инвестиция тарту стратегияларын әзірлеуге, инвесторларға арналған сенімді питч-дек дайындауға, инвесторлар және серіктестермен келіссөздер жүргізу дағдыларын арттыруға, бизнесті кеңейту мен халықаралық нарыққа шығуға дайындалуға көмектеседі.
Бірақ, үміткерлер келесі шарттарға сай болуы керек:
- Компания әйелдерге тиесілі болуы тиіс (кемінде 51% үлесі бір немесе бірнеше әйелдің меншігінде) немесе әйелдер басқаратын болуы керек (кемінде 20% үлесі әйелдерге тиесілі және басшылықта әйел бар немесе директорлар кеңесінде кемінде 30% әйелдер өкілі болуы қажет).
- Компания Арменияда, Грузияда немесе Қазақстанда тіркелген немесе белсенді жұмыс істеп тұруы керек.
- Өнім немесе қызмет инновациялық болуы және идея сатысынан өтіп, алғашқы нәтижелерге (пилот, клиенттер немесе сатылымдар) жеткен болуы тиіс.
Өтінімдер 24 қарашаға дейін қабылданады. Бағдарлама туралы толық ақпаратты осы сілтеме арқылы өтіп оқуға болады.
USD:
491.5 / 494.3
EUR:
568.0 / 573.0
RUB:
6.17 / 6.29


Пікірлер
Әзірге пікірлер жоқ…