Дінтанушы Елнар Берікбаев мектептерде намаз оқуға тыйым салынғандықтан, көптеген оқушы қыздардың 9-сыныптан кейін колледждерге кетіп жатқанын айтқан еді. Сондай-ақ, хиджаб киген қыз балалар жұмысқа орналаса алмайды. Осы орайда ол университет қабырғасындағы намаз оқуға салынған тыйымды алып тастауға шақырды. Өйткені, студенттер намазды баспалдақ астында жасырынып оқуға мәжбүр. Исламтанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторанты Нұрбол Сейілбек те осындай пікірде. Айтуынша, Қазақстан өз ата дінін насихаттай алмаған соң, діни радикализммен бетпе-бет келіп отыр.
– Құлшылыққа қатысты шектеулерді түгел алып тастаса, жастар теріс дін жолына түсіп кетпей ме?
– 2011 жылы арнайы заң қабылданғанға дейін білім ордаларында құлшылық етуге рұқсат берілген еді. Алайда көптеген дін ұстанушы азаматтар шектен шығып, діни насихат жүргізіп, басқа да теріс әрекеттерге барғандықтан, осындай заң қабылданды. Меніңше, осы тағы бір маңызды бап бар. Белгіленген, рұқсат етілген жерлерден өзге жерлерде діни насихат жүргізуге тыйым салу. Осы норманы күшейте отырып құлшылық етуге рұқсат берілуі керек деп есептеймін. Өйткені, қанша тыйым салса да, баспалдақ астында кабинеттерде құлшылық етіп жатқан азаматтар бар. Америка моделін қолдануға болатын сияқты. Америкада әрбір азамат өзінің қандай дінді ұстанатынын, қай мәдениет өкілі екенін ашық көрсете алады. Бірақ бұл өзгелердің құқығын шектемеуі тиіс.
Оқи отырыңыз: Шаш кесу, тырнақ бояу, тіс жұлдыру, екпе салдыру. Ораза ұстаушыға не рұқсат, неге тыйым салынған?
– Түркия зайырлы мемлекет. Мұнда діни радикализм жоқтың қасы. Ал бізде мүдделер қақтығысы неден туындап жатыр?
– Ертеден ұстанып келе жатқан діни бағытымыз бен дәстүрімізді алға шығарып, халыққа тиісінше жеткізе алмағандықтан, осындай проблемаға тап болдық деп ойлаймын. Мысалы, Түркия сонау ғасырлардан бері ханафи мазхабын ұстанып келе жатқан ел. Сол себепті оларға салафизм мүлдем әсер етпеген. Қарапайым азаматтардың өзі негізгі діни бағытын, ата дінін жақсы біледі.