Тікелей эфир

Депутаттар берешегі аз азаматтардың есепшотын бұғаттауды тоқтатуды сұрады

Депутаттар әлеуметтік төлемдер бойынша азғантай ғана қарызы бар қазақстандықтардың шотын бұғаттауды доғаруды ұсынып отыр.

Мәжілісмен Ерлан Стамбековтың пікірінше, міндетті зейнетақы жарнасы, әлеуметтік аударымдар мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру секілді әлеуметтік төлемдері кешіктіріліп не төленбей қалған азаматтардың бүкіл шотына шектеу қою дұрыс практика емес. Бұл – әрбір салық төлеушінің заңды құқығын бұзады, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Депутаттың айтуынша, қазір мемлекеттік кірістер комитеті әлеуметтік төлемдер бойынша небәрі 100-ақ теңге берешегі бар адамдардың барлық шотын түгел бұғаттап тастайды. Соның салдарынан, кәсіпкерлік нысандар жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Ал шет елдерде жүрген саяхатшылар өтелмеген берешегі үшін ас-ауқатсыз, баспанасыз қалады, себебі, комитет ескертпестен шотындағы қаржылық операциялар шектейді. Сорақысы, тыйым шотында миллиондаған қаржы тұрса да, салынады.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда банктерге тойға несие беруге тыйым салына ма?



Ерлан Стамбеков тың пікірінше, сот шемімінсіз орындалатын осы сияқты шамадан тыс шаралар құқықтық тұрғыдан да күмәнді. Ол әлеуметтік төлемдер бойынша борышты өтеу кезінде заңда көзделген «төлем талабы» тәсілін қолдануды ұсынып отыр. Яғни, салық төлеушінің барлық шоты емес, тек қарыз сомасы бұғатталуға тиіс.

"Бұл мәселе бизнеске де, қарапайым халыққа да үлкен зиянын келтіріп отыр. Сондықтан, мемлекеттік кірістер комитеті мен қаржы министрілігі тиісті нормативтік негіздемеге түзету енгізуі керек. Сондай-ақ, қолданысқа алуы қажет", – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Стамбеков.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары