Denis Ten Memorial Challenge 2025: Алматыда жас дарындар мен әлемдік жұлдыздар бас қосты

Фото: Алена Глагоева
Фото: Алена Глагоева
Бұл – мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің аты берілген ISU Challenger сериясындағы беделді халықаралық турнир.

Алматыда 2-4 қазанда өткен VI халықаралық Denis Ten Memorial Challenge 2025 турнирінде жас дарын иелерінінен бастап халықаралық деңгейдегі чемпиондар өнер көрсетті. Қазақстан, Оңтүстік Корея, АҚШ, Грузия, Канада, Швеция, Қытай және басқа да елдерден келген қатысушыларды бәсекелестік, шабыт және Денис Теннің рухына деген құрмет бір айдынға топтады.

Denis Ten Memorial Challenge – көрнекті қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің аты берілген ISU Challenger сериясындағы беделді халықаралық турнир. Биыл Мемориал маусымның басты оқиғаларының біріне және 2026 жылы Милан мен Кортина-д'Ампеццода өтетін Олимпиада ойындары алдындағы спортшылардың дайындығының маңызды сынағына айналды.

Ерлер арасында Қазақстан намысын қорғаған Михаил Шайдоров алтын жүлдеге ие болды. Грузиялық мәнерлеп сырғанаушы Ника Эгадзе күміс медаль алса, амеркиалық спортшы Джейсон Браун қола жүлдені иеленді. 

Жас мәнерлеп сырғанаушылар арасында қазақстандық үш спортшы жеңіс тұғырынан көрінді. Артур Смағұлов – бірінші, Никита Козлов – екінші, Кенан Бердібаев үшінші орынға ие болды.

Юниор қыздар арасында Оңтүстік Кореядан келген Джунхи Ким мен Минсон Ким алтын мен күмісті бөліссе, әзербайжандық мәнерлеп сырғанаушы Арина Калугина қола жүлде алды. 

Ересек қыздар арасында да Оңтүстік Кореядан келген спортшылар топ жарды. Хэин Ли алтын медальға, Ахсун Юн күміс медальға ие болса, канадалық Мадлин Шизас қола жүлде алды.

Фото: Алена Глагоева

Мұздағы билер санатында Грузия атынан өнер көрсеткен Диана Дэвис пен Глеб Смолкин жұбы алтын жүлдеге ие болды. АҚШ спортшылары Оона Браун мен Гейдж Браун күміс жүлде иеленсе, швециялық Милла Руд Рейтан мен Николай Майоров қола медаль алды.

Михаил Шайдаров нөмірінде бірегей каскадты – үштік аксель, ойлер, төрттік сальховты орындап, бұл элементтер ISU деректері бойынша әлемде теңдесі жоқ айрықша элемент саналады. Әрі қарай – төрт реттік лутц, төрт реттік флип және екі төрттік тулуп жасап, бағдарламаны сирек элемет – үш реттік лутц–үш реттік аксель каскадымен аяқтады. Қысқа бағдарламада Михаил мінсіз өнер көрсетіп, төрт реттік тулуп пен үштік аксельді таза орындады. Екі бағдарламада жинаған ұпайымен спортшы сөзсіз жеңіске жетті.

"Халық Аренаға" жиналған көрермен Михаилді қошаметпен қарсы алды. Әділқазылар күрделі элементтерді мінсіз орындауымен қатар әртістік шеберлігіне де жоғары баға берді. Михаил мықты техникасын мәнерлі орындаумен үйлестіре отырып, өзінің кемелдігін, күші мен сенімділігін көрсетті.

Шақырылған қонақтардың арасында Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, аты аңызға айналған Татьяна Тарасова да болды. Ол спортшылардың өнерін ерекше ықыласпен тамашалап, Михаил Шайдоровтың шеберлігін бөлек атап өтті. Оның айуынша, Михаилдың өнерінде жоғары техника да, терең сезім де, кемел орындау дағдысы да байқалады, бұл жас спортсмендерде өте сирек кездесетін құбылыс.

"Дайындағанымыздың бәрін көрсете алғаныма қуаныштымын. Иә, өте мазмұнды бағдарлама әрі әр элементі шамадан тыс зейінді қажет етеді. Көрерменнің керемет қолдауын сезіндім, бұл да маған соңына дейін зейінімді сақтауға көмектесті деп ойлаймын. Мен үшін бұл турнир жай жарыс емес, бұл мәнерлеп сырғанаушылардың тұтас буынына шабыт берген тұлғаның рухына деген құрметім", – деді Михаил Шайдоров.

​Мемориал жас конькишілерден бастап, қазіргі чемпиондарға дейін қатысқан Денис Тен атындағы академия студенттерінің мерекелік гала-шоуымен аяқталды. Финалдық қойылымға Михаил Шайдоров, Ника Эгадзе, Джейсон Браун, Хе Ин Ли, Диана Дэвис пен Глеб Смолкин дуэті сияқты жеңіпмаздар мен жүлдегерлер, сондай-ақ әлемдік жұлдыздар – Максим Транков пен Татьяна Волосожар қатысты. Кеш мәнерлеп сырғанаушылардың әр буынын бір айдында біріктіріп, бұл турнирдің әлемдік мәнерлеп сырғанау спортындағы маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.

Гала-шоуда көрермендердің ерекше ықыласына Қазақстан чемпионы Диас Жиренбаевтың «She Won’t Be Mine» композициясына орындаған әсерлі номері бөленді. Әнді жазған – Денис Теннің өзі, ал орындаған – қазақстандық әнші Kyle Ruh. Бұл қойылым финалдық шоудың ең эмоциялық сәтіне айналып, ұлы спортшының таланты мен мұрасын еске салды.

Турнирді "Денис Тен қоры" қоғамдық қоры ұйымдастырды. Бас демеуші – Спортты қолдау қоры, сондай-ақ іс-шараға ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігі қолдау көрсетті.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары