Алматы облысында 9 қараша күні ер адамның мәйіті табылды. Облыстық полиция кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.
Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 51 жастағы ер адамның денесі Қарасай ауданы Алмалыбақ ауылының шетінде табылған.
Әлеуметтік желіде ол 2 қараша күні хабар-ошарсыз кеткені туралы хабарландыру жарияланған болатын.
Марқұмның денесінде зорлық-зомбылық іздері болған. Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
"Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында 9 қарашада криминалдық полиция қызметкерлері төрт күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық жағдайы мен себептерін объективті зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.