Ақорда сайты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясындағы жалпы дебатта сөйлеген сөзін жариялады.
"Қазіргідей алмағайып кезеңде бәріміз БҰҰ позициясының нығаюына ықпал етіп, Ұйымның құбылмалы заманға бейімделуіне қолғабыс етуіміз қажет. Өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухы соғыс өртін тұтандырудан басым болуға тиіс. Мемлекеттер басшылары бейбітшілікке ұмтылу жолында жауапкершілік арқалайды. Қазіргі буын көшбасшыларының әрекетсіздік танытуға еш құқығы жоқ. Өйткені оның зардабын келесі ұрпақ тартады. Осы орайда Бірікккен Ұлттар ұйымын жан-жақты реформалау толассыз талқыланатын тақырып емес, нағыз стратегиялық қажеттілік екеніне назар аударғым келеді", – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымын жаңғырту Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудан басталуға тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі елдердің өкілдері ротация тәртібімен ұсынылуы керек.
"Сонымен қатар Қазақстан жауапкершілігі бар орта державалардың үні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды. Іс жүзінде орта державалар қазірдің өзінде теңгерімді сақтауға және өзара сенімді нығайтуға үлес қосып, халықаралық қатынаста жағымды рөл атқара бастады. Ұлы державалардың бастары бірікпегенде немесе барша адамзатты алаңдататын өзекті проблемаларды шешуге қауқарсыздық танытқанда, мұндай елдер БҰҰ аясында дәнекерге айналады", – деді президент.
Мемлекет басшысының сөзінің толық нұсқасын Ақорда сайтынан оқуға болады.
USD:
515.7 / 518.3
EUR:
604.5 / 608.5
RUB:
6.43 / 6.55