Цифрлық теңге – мемлекет қаражатының оңды-соңды жұмсалмауын бақылайтын тиімді тәсілдің бірі. Мұндай пікірді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.
"Цифрлық теңге пилоттық режимде іске қосылды. Соның аясында бірнеше мың карта тартылды. Цифрлық теңге – мемлекет қаражатының жұмсалу барысын қадағалайтын құрал. Сол себепті оның сапасына көңіл бөліп отырмыз. Ол бойынша Қаржы министрлігімен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлескен бірнеше жоба басталды. Біріншісі – Ұлттық қордан ақша бағдарламалау. Мысалы, теміржол салуға қаражат цифрлық теңге түрінде бөлінді. Ол қаражаттың оңды-солды жұмсалмай, мақсатты түрде өндірушіге, құрылысшыға жетуі үшін жасалады. Бұл жоба іске асып жатыр. Жыл соңында оның қалай іске асқанын айта аламыз", – деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Екінші бағыт – ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия. Бұл бағыттың таңдалуына бөлінген қаражаттың жұмсалуына қатысты мәселелер себеп болған.
"Ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидияға қатысты өңірлердің бірімен жобаны пилоттық режимде іске қостық. Цифрлық теңгені қосылған құн салығын әкімшілендіруге де енгізіп жатырмыз. Ол жерде цифрлық теңгені қолдану өте ыңғайлы. Бюджет қаражатын бақылауға тиімді басқа да бағыттар бар", – дейді Ұлттық банк басшысы.
Айта кетейік, 29 тамызда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақтап қалды. Шілдеде 14,50%-дан 14,25%-ға төмендеткен еді.
"Базалық мөлшерлеме – несие өнімін белгілейтін негізгі элементтердің бірі. Бұл – бір. Екіншіден, базалық мөлшерлеме өзгерген кезде банктерге ол өзгерістерге қатысты шешімді енгізуге қандай да бір уақыт керек. Базалық мөлшерлеменің төмендеуі орта және ірі бизнеске берілетін несиеге тікелей әсер етіп отырғанын көріп отырмыз. Тұтынушылық несие бойынша мұндай өзгерістер жоқ", – дейді Тимур Сүлейменов.