Алматыда Қазақстан мен Орталық Азиядағы комплаенс саласының ең маңызды кәсіби шараларының бірі – IV Compliance Forum 2025 өтті. "AI. ESG. Data Protection. Crypto: уақыт – жауапкершілікпен әрекет ету" тақырыбымен өткен форум бизнес өкілдерін, мемлекеттік органдарды, халықаралық сарапшыларды және салалық көшбасшыларды бір алаңға жинады. Биылғы басқосу жаһандық реттеушілік ортаның күрделенуі мен корпоративтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі жаңа талаптарды талқылауға арналды.
Форум барысында соңғы жылдары әлемдік деңгейде тәуекелдердің бұрын-соңды болмаған өсімі байқалып отырғаны атап өтілді. Соңғы үш жылда санкциялық шаралардың көлемі 45 пайыздан астам өсіп, бірқатар елде санкциялық тізімдер ай сайын бірнеше рет жаңарып отыр. Сарапшылардың мәліметінше, 2024 жылы деректердің заңсыз таралуынан келген жаһандық шығын 4,88 млрд долларға жеткен, ал компаниялардың 91 пайызы алдағы бес жылда үздіксіз комплаенс жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.
Форумда криптоактивтер нарығының қарқынды дамуы және осы саладағы тәуекелдердің артуы да негізгі талқылау тақырыптарының бірі болды. Қазақстан цифрлық активтермен жасалатын операциялар көлемі бойынша әлемдік алғашқы 20 елдің қатарына кіреді, ал Орталық Азияның үлесі соңғы екі жылда 34 пайызға артқан. Осыған байланысты ПОД/ФТ талаптары да қатаюда: транзакцияларды мониторингтеу, клиенттерді сәйкестендіру, тәуекелдерді бағалау бойынша жаңа міндеттер енгізілуде. Қазақстанда субъектілер тізіміне цифрлық активтер операторлары, тауар биржалары, брокерлер, телекоммуникация компаниялары және криптоиндустрияның өзге де қатысушылары қосылды. 2023-2024 жылдары Қазақстан мен Өзбекстан регуляторлары тіркелмеген криптоплатформалар мен заңсыз айырбастау операцияларының ондаған фактісін анықтап, санкцияларды айналып өту әрекеттерінің жолын кескен. Бұл бизнеске KYT-талдау, санкциялық комплаенс және криптооперациялардың ашықтығын арттыру құралдарын кеңінен қолдануды талап етеді.
Оқи отырыңыз: Президент: Алдымызда бизнес бетпе-бет келетін әкімшілік кедергілерді азайту міндеті тұр
Орталық Азиядағы бизнес ортасында ESG талаптарының кеңеюі, деректерді қорғауға қатысты реттеулердің күшеюі және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің артуы байқалып отыр. Сонымен қатар білікті комплаенс мамандарының тапшылығы өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі болып қалуда. Екінші деңгейлі санкциялар қаупінің жоғарылауы компаниялардан контрагенттерді терең тексеруді, жеткізу тізбегінің толық ашықтығын және санкциялық комплаенс жүйелерінің жетілдірілуін талап етеді.
Ассоциацияның тең құрылтайшысы, АО "Alatau City Invest" басқарушы директоры Даурен Ақшалов өңірдегі кадрлық экожүйенің қалыптасуының стратегиялық маңызын атап өтті.
"Қазақстан мен Орталық Азияда дәл қазір комплаенс-менеджерлердің жаңа буыны қалыптасуда. Бұл кездейсоқ емес: аймақ бір мезетте инвестициялар ағынының артуын және реттеушілік талаптардың күшеюін бастан кешіруде. Біз магистратура бағдарламаларын іске қосып, сертификаттауды күшейтіп, оқыту инфрақұрылымын құрып жатырмыз, себебі кәсіби мамандарға сұраныс нарықтың өзінен де тез өсуде. IV Compliance Forum – бизнес болашағы үшін жаңа стандарттар қалыптасатын алаң", – деді ол.
Биылғы форум ұйымдастыру тарихындағы ең ауқымдысы болды. Офлайн форматта 200-ден астам делегат қатысып, онлайн трансляцияны 1500-ге жуық көрермен тамашалады. Шарада 35 спикер сөз сөйлеп, AI этикасы, санкциялық реттеу, ESG талаптары, деректерді қорғау, корпоративтік мәдениет, киберқауіпсіздік, криптонарық және жаңа басқару модельдері туралы өзекті мәселелерді талқылады.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында студенттер "әлімжеттіктің құрбаны болдық" деп шу шығарды
Ассоциация комплаенс және іскерлік этика президенті Эдуард Кан комплаенстің жаңа рөлін айрықша атап өтті.
"Комплаенс бүгінде формалды бақылаудан стратегиялық басқару құралына айналды. Санкциялар, AI, ESG және Data Protection – бұл енді тренд емес, күнделікті шынайылық. Біздің міндет – кәсіби қауымдастықты нығайту, этикалық стандарттарды қалыптастыру және бизнеске күрделеніп жатқан ортада жауапкершілікпен әрекет етуге мүмкіндік беру", – деді ол.
Ассоциация 2022 жылдан бері Chief Compliance Officer ұлттық сертификаттық бағдарламасын іске асырып келеді. Санкциялық комплаенс, тәуекел-менеджмент және антикоррупциялық комплаенсті қамтитын бағдарлама үш жылда 200-ден астам сертификатталған маман мен 50-ден астам дипломды комплаенс жетекшісін дайындады. 2025 жылы Narxoz университетімен бірлескен Қазақстандағы алғашқы комплаенс магистратурасы іске қосылып, саладағы жоғары білім берудің жаңа кезеңін бастады.
USD:
507.5 / 510.9
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.51 / 6.63