"Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму" атты ХХV сессия отырысы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен өтті. Келелі басқосуда Ассамблеяның саяси реформаларды жүзеге асырудағы орны және осы бағыттағы ой-пікірлер, жобалар талқыланды.
"Құрметті Ассамблея мүшелері! Сессияға қатысушылар! Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік! Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде "Ассамблеяның қажеті жоқ" деген ұшқары, яғни қисынсыз пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт", – деп сессияның ашылуында ассамблея қызметінің маңызын атап өтті аймақ басшысы.
Бірлігі мықты мемлекеттің тәуелсіздігі баянды. Көпұлтты Қазақстанда келісім мен татулықтың аясында 130-ға жуық этнос өкілі өмір сүріп келеді. Сессия отырысында сайлау жүйесінің реформалары, "Ұлттық құрылтай", этносаясат, этномедиация, әлеуметтік желілер, бүкілхалықтық референдум, Жаңа Қазақстан сынды бірқатар ауқымды мәселелер талқыланды.
"Керемет тарихымыз бар, өзіміздің тіліміз, дәстүріміз бар. Соны жаңғыртып, дамыту керек. Соны кішкентай кезінен баланың миына құя берсек, қарапайым сөзбен айтқанда – Отанын сүю, жерін сүю, тілін құрметтеу, этносаралық бірлік деген ұғымдарды бойына сіңіртіп, айта берсек, онда бұл бала елінің нағыз патриоты болып өсетініне еш күмін жоқ", – деген БҚО ҚХА "Тіл Мұра" қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Ирина Суетина тәрбие тал бесіктен басталарына, ел болашағы бүгінгі жастар екеніне мән беруге шақырды.
Сессия отырысына облыс аудандарының әкімдері, БҚО мәслихатының депутаттары, БҚО этномәдени бірлестіктері мен құрылымдық бөлімшелерінің төрағалары мен өкілдері де қатысты.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың "Әділетті Қазақстан – Адал азамат" атты екінші отырысында Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құратынын айтты. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс", – деп облыс әкімі Нариман Төреғалиев барша жиналғандарды өз қызметтерін адал атқаруға үндеді.
Айта кетейік, БҚО Ассамблеясының қатысуымен этносаралық татулық, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттау мақсатында 150-ден астам түрлі іс-шара өткізіліп, оларға 15 мыңнан астам облыс тұрғыны қатысқан. Сонымен қатар, бүгінде "Серпін", "Алғашқы жұмыс орны", "Жастар практикасы", "Жас кәсіпкер", "Бизнес бастау", "Дипломмен ауылға" бағдарламалары, жаңа бизнес-идеялар үшін гранттар беру, жеңілдетілген шағын несие үлестіру, колледждерге бөлінген гранттарға этнос өкілдерін тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.