Тікелей эфир

БҚО-да "Домбыра-Дастан" облыстық фестивалі өтті

Орал қаласында Ұлттық Домбыра күні және күй атасы Құрманғазы Сағырбайұылының 205 жылдығы аталып өтілді.

Бұл күні алдымен күй өнерімен өмірін сабақтастырған тарихи тұлғалар ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды. Ал "Домбыра-Дастан" деп аталған домбыра жасаушылардың облыстық фестиваліне өңір шеберлері қатысып, ұлттық аспаптан әуезді күй төгілді.

Ұлттық домбыра күнінде зиялы қауым өкілдері күй атасы-Құрманғазы Сағырбайұлы мен күй анасы – Дина Нұрпейісованың ескерткіші басына жиналды. Бүгінде Орал қаласының Назарбаев даңғылы бойындағы М. Өтемісов атындағы БҚУ-не қарама-қарсы орналасқан ескерткіш жанында мерекенің мән-маңызына тоқталып, гүл шоқтары қойылды.

"Бүгін мен баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын. Бұл біздің егемендігіміздің мұраты, ғасырлар бойы армандаған мерекесі. Тойларда әннен бұрын күй қызыпты, той шапан өнерліге кигізіпті. Тарихын томға сыймас менің бабам, қос шек пен он пернеге сыйғызыпты. Ғасырлар бойы қос шек пен он пернені арқалап, бүкіл ұрпағын тәрбиелеп, қазақ бүкіл тарихын жазып кетті. Домбыра әр үйдің тұмары болуы керек", – деп тебірене сөз сөйледі ақын, Жайықтың "Ақ шағаласы" Ақұштап Бақтыгереева.

Ұлы даланың дүбірін, қазақтың үнін домбыраның қош ішегіне сыйғызған бабаларымыз ұлттық аспапты қадір тұтқан. Әр шаңырақтың төріне ілінген киелі қара домбыраның күмбірі қазақтың рухы, құнды қазынамыз. Көрмеге Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Ғарифолла Құрманғалиев, Сабыр Мұқатовт, Оқап Қабиғожин, Қали Жантілеуовтың домбыраларының көшірмелері қойылды. "Домбыра-дастан" облыстық фестивалі көрмесіне әкелінген ұлттық аспаптардың  барлығы "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері, "Үкілі домбыра" ұлттық байқауларының жеңімпазы, құрметті профессор, күйші Едіге Нәбиев бастаған бір топ өңір шеберлерінің қолынан шыққан. Едіге Нәбиев Құрманғазы күйшінің домбырасының көшірмесін жасап әкелген. Фестивальде осы ұлттық аспаппен күй орындады. 

Көрмеге 10 домбыра қойылды. Сейтек Оразалы домбырасының көшірмесін жасаған шебер "Аңыз домбыра" республикалық байқауларының белсенді қатысушысы Жанпейіл Сейтақов осы кәсіпті 8 жылдан бері жанына серік етіп келеді. Ол айына 10 шақты ұлттық аспап жасап шығарады екен. 

"Бір айдың үстінде осы домбыраны жасауға дайындалдық. Ізденіс керек болды. Жасау жолының ерекшелігі бар. Қазіргі домбырадан басқаша. Шанақтары жартылай құрама, жартылай ойылып жасалған. Сабы 48 болса, бұда 50 см" – дейді Жанпейіл Сейтақов. 

Фестивальге Дина Нұрпейісованың жиеншары 79 жастағы Бағила Бишаева құрметті қонақ ретінде қатысты. Көрмеге қойылған тарихи тұлғалар домбыраларының көшірмелері облыстық халық шығармашылық орталығы мұражайына тапсырылады. Фестивальге қатысушыларға аймақ басшысы атынан БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыстады.

 

Серіктестер жаңалықтары