Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов өңірдегі діни аухалды баяндады.
"Бүгінгі таңда облыс аумағындағы діни ахуал тұрақты. Бұл облыс көлемінде дін саласында атқарылып жатқан жұмыстардың оң нәтижесі деп есептеймін. Батыс Қазақстан облысында 9 конфессияны құрайтын 83 діни бірлестік тіркелген. Оның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 49 филиалы, 20 православ шіркеуі бар. Облыс аумағында 8 миссионер заңды түрде қызмет атқарып жатыр", – деді Мақсат Раманқұлов.
Оның айтуынша, өңірде діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды таратуға арналған 5 арнайы стационарлық орындар белгіленді. Олардың төртеуі – Орал қаласында, біреуі Бөрілі ауданында орналасқан. Бұдан басқа 3 намазхана және 2 православ діни рәсім өткізу орны бар. Сонымен қатар, Орал қаласында колледж мәртебесі берілген бір медресе жұмыс істейді.
Облыс аумағында діни экстремизм мен терроризмді алдын алу бойынша діни топтар мен қауымдардың, нысаналы топтардың қалыптастыруға және дерадикалданудың алдын алуға бағытталған жұмыстар, интернет және әлеуметтік желілер арқылы дін саласындағы мемлекет саясатын түсіндіру, діни қатынастар саласындағы радикалдық көріністерге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында бағытталған ақпараттық түсіндіру жұмыстары, облыстағы діни ахуалға мониторинг және талдау жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар мамандар даярлауға атсалысу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Білікті теологтар, діни бірлестік өкілдері, ауыл ақсақалдары, ардагерлер алқасының төрағалары, жастар қоғамдық ұйымдарының көшбасшылары, ұлттық мәдени орталықтар, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік орган қызметкерлерінен құрылған 14 ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Соның шеңберінде қаңтар-қазан айларында түрлі форматта 49 618 адамды қамтыған 2886 іс-шара өткізілді", – деді Мақсат Раманқұлов.
Облыс аумағында дерадикализациялау, оңалту және алдын алу саласында 14 үкіметтік емес ұйым қызмет атқарады.