Тікелей эфир

БҚО-да 3 жылда 8,8 млрд теңгеге 2 мыңға жуық кәсіпкерге қолдау көрсетілді

pixabay.com
pixabay.com
Облыста кәсіпкерлерді қолдауға бөлінетін қаражат жыл сайын ұлғайып келеді.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өңірдегі бизнес өкілдерімен кездесті.

Жиын барысында облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысы Жұмагелді Батырниязов мемлекеттік қолдау туралы айтты. Басқарма басшысының айтуынша, өңірде жыл сайын кәсіпкерлікті қолдауға бөлінген қаражат көлемі ұлғайып, одан басқа да қолдау шаралары да кеңейіп келеді. 

"Қолдау әр сала бойынша белгілі даму институттары арқылы көрсетіледі. Атап айтқанда, Бәйтерек холдингі, Даму қоры, Qazindustry, ҚазақИнвест, ҚазақЭкспорт, ҚазТрейд және басқа да қорлар бар. Соның ішінде "Астана" халықаралық қаржылық орталығын атап өтуге болады.  2021 жылы президент жарлығымен 2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бекітілген еді. Жоба шеңберінде соңғы 3 жыл ішінде субсидия, кепілдендіру және грант бойынша 8,8 млрд теңге беріліп, облыстағы 1 800-ден астам кәсіпкерге қолдау жасалды. Сондай-ақ үш жыл ішінде инфрақұрылымды жақсарту үшін 7 жобаға 4,6 млрд теңге бөлінді", – дейді Жұмагелді Батырниязов.

"Әр дағдарыс жаңа мүмкіндік береді". Осылай деген өңір басшысы соңғы үш жыл ел үшін оңай болмағанын айтады. Десе де, мұндай қиын кезеңнің өзінен мүмкінкін көре білу керек дейді. Сондай-ақ Ғали Есқалиев экономикалық табыс көлемін сақтап қалу үшін бизнесті әртараптандыру және жаңа инвестициялық жобалар тарту арқылы кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеу тиімді екенін тілге тиек етті. 

"Екі жыл пандемия, қазір геосаяси ахуалға байланысты еліміз қиын кезеңдерді бастан кешуде. Әсіресе шекарадағы өңірлер мен кәсіпкерлер зардабын шегіп отыр. Бірақ бұл бізге тосқауыл емес деп есептеймін. Әр дағдарыс жаңа мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер үшін жаңа кезең ашылады. Өткен жылы талдау жасадық. Облыс бес бағыт бойынша басқа өңірмен де, мемлекеттермен бәсеке түсуге мүмкіндігі бар деп ойлаймын", – деді Ғали Есқалиев.

Сонымен қатар, облыста инвесторларды сүйемелдеу үшін әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясында "Бір терезе" қағидатымен қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Корпорация инвестициялық жобаларды толық сүйемелдеп, инвесторларға жер учаскелерін ұсынып, гранттар алуға, салықтық және кедендік жеңілдіктер рәсімдеуге, төмен пайызбен қаражат алуға қолдау көрсетеді.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары